Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында «Жастар» спорттық спартакидасы басталды. Дүбірлі додаға өңіріміздің 13 ауданынан келген 325 спортшы қатысуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дүбірлі доданың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Концерттік бағдарламалар мен түрлі көңіл көтеретін іс-шаралар ұйымдастырылды. Эстрада жұлдыздары да арнайы шақыртылған. Шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев келді. Ол жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Жастарға әкімдік тарапынан ұдайы қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Болашағымыз — жастардың қолында. Өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданса еліміздегі құқықбұзушылықтардың саны азаяр еді. Қарыштап дамитыны да сөзсіз. Жарыстың жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың жарақат алып қалмауларын тілеймін»-, деді Руслан Әлішев.
Шараны тамашалауға келген жанкүйерлердің қарасы қалың. Доданың ашылу салтанаты бұқараның көңілінен шықты. Сән-салтанатымен есте қалды.
Ұйымдастырушылар спартакиаға тыңғылықты дайындалған.

«Спартакиада спорттың бес түрі бойынша өтуде. Олар: еркін күрес, грек-рик күресі, шағын футбол, жағажай волейболы және жеңіл атлетика. Дүбірлі додаға өңіріміздің 13 ауданынан келген 325 спортшы қатысушы келді»-, деді жарыстың бас төрешісі Руслан Қожаев.
Шараға әр аудан тыңғылықты дайындалып келген. Бірліктің нағыз үлгісін көрсетуде. Бүгін іріктеу ойындары басталды. Әзірше жарысты қабылдап жатқан аймақ мен Қызылжар ауданынан келген спортшылар басқаларынан оқ бойы озық тұр. Уәлихановтықтар да көштен қалар емес.

«Спартакиадаға 34 спортшы алып келдік. Барлығы тыңғылықты дайындалған. Бірқатары финалға шықты. Жалпыкомандалық есепте кемінде үздік бестіктен көрінгіміз келеді», -деді Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сағитов.
Шағын футболдан қыздар арасында тартысты матчтар өтуде. Барлығы 10 команда бақ сынасуда. Оның ішінде шалақындық қыздардың өнерін ерекше атап өтуге болады. Олар іріктеу кезеңінде жұмабаевтық, есілдік қыздарды, жартылай финалда аққайыңды бұрымдыларды жеңіп ақтық сынға жолдама алды.

«Футболмен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты. Спартакиадаға тек жеңіске жету үшін келдік. Доданың бомбардирі атанғым келеді. 3 матчта 6 гол соғып үлгердім», -деді шалақындық бұрымды Сабина Әскер.
Тағы оқыңыз: Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай жас ұстаздар арасында облыстық конференция өтті