Мағжан Жұмабаев ауданында диқандар құрметке бөленді
Мағжан Жұмабаев ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған салтанатты шара өтті. Басқосуда жыл бойы талмай еңбек еткен жандар құрметке бөленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биыл М.Жұмабаев ауданының еңбеккерлері биылғы жиым-терім науқанын жемісті аяқтап, рекордтық нәтиже көрсетті. Барлығы — 1 млн тонна өнім жиналған. Бұл — соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш. Осыған орай аудан әкімі Рахат Смағұлов жеткен жетістіктерді атап өтіп, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
Мағжан Жұмабаев ауданында диқандар құрметке бөленді
«Жылдың соңын жақсы нәтижелермен аяқтап, ел игілігіне қызмет етуді жалғастырып келеміз. Бұл — сіздердің әрқайсысыларыңыздың қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Сіздердің арқаларыңызда өңір экономикасы қарқынды дамып келеді», — деді Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Рахат Смағұлов.
Аудандағы ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген жандардың бірі — «Қызылжар МТС Агро» серіктестігінің директоры Нәби Қабиев. Ол өз кәсібін 2015 жылы бастаған. Биыл агроқұрылым 9 мың гектар алқапқа майлы әрі дәнді дақылдар еккен. Қазіргі таңда еңбек ақталып отыр.
«Өткен жылы рапс, яғни, майлы дақылдарға көштік. 1-2 жылдың ішінде жақсы нәтиже көрсетіп отырмыз. Біз гектарына 26 центнер өнім алдық. 2022 жылы сүт-тауарлы фермасын аштық. Енді 2026 жылы оны үлкейту жоспарда бар», — деді Нәби Қабиев.
Салтанатты шара барысында ауылдың гүлденуіне еңбегін сіңіріп жүрген үш үздік кәсіпорын иесіне аудандық бюджет есебінен су жаңа трактордың кілті табыс етілді