Солтүстік Қазақстан облысында жолдарды жөндеу маусымы аяқталып келеді. Биыл жолдардың жағдайын жақсартқан аудандардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданы, деп жазады Qazaqstan Media.
Мағжан Жұмабаев ауаданы арқылы 710 шақырым жол өтеді. Оның 194 км республикалық маңызы бар тас жол, 108 км облыстық және 408 шақырым аудандық маңызы бар жолдар. Аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы жолдардың 79 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екен.
«Биыл жолдардың республикалық маңызы бар учаскелері жөнделді. Мысалы, Сулышоқ – Возвышенка, Чистое – Қарақоға бекеті арасындағы жолдар. Сонымен қатар, Қарақоға – Надежка бағытындағы 10 шақырым жол ретке келтірілді. Оның ұзындығы 10 шақырымды құрайды. Жалпы, жөндеу жұмыстарына төрт млрд теңге жұмсалды», — деп нақтылады М. Жұмабаев аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде.
15 жыл жөнделмеген жол
Осы жылғы ірі жобалардың бірі ретінде Р-58 тас жолындағы учаскенің орташа жөндеуін атап өтуге болады. Ол бірнеше елді мекенді біріктіреді. Атап айтсақ, бұл жол учаскесі Булаево қаласын, Возвышенка, Молодогвардейское, Кирово, Қиялы және Рощинское ауылдарын байланыстырады. Жөнделген жолдың жалпы ұзындығы 38 шақырымды құрайды.
«Боксит шламын қолдана отырып, суық қайта өңдеу әдісімен негізді орнату бойынша жұмыстарды орындадық. Жаңа асфальт-бетон жабыны төселді. Жол жиектері жабдықталып, жол белгілері қойылды. Сондай-ақ үш автопавильон ауыстырылып, 140 жаңа жол белгілері орнатылды», — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ баспасөз қызметі.
Жұмысты орындау үшін барлығы 35-ке жуық адам мен 20 техника жұмылдырылған.
Айтпақшы, автомобиль жолының бұл бөлігі үшінші техникалық санатқа жатады. Мұнда тәулігіне орташа 1 342 автокөлік жүріп өтеді. Бұл жолда соңғы жөндеу жұмыстары 15 жыл бұрын жүргізілген екен.
Жазда ұзындығы 14 км болатын Челябі – Новосібір м-51 республикалық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу учаскесі пайдалануға берілді.
Ауыл жолдары жақсарды
Ауылдарға кіреберістерді ретке келтіру жұмыстары да ұмыт қалмаған. Енді Лебяжье, Ноғайбай, Сулышоқтың барлық тұрғындары мен қонақтары осы елді мекендерге жақсарған жолмен жете алады.
Айта кетейік, аудандағы атқамінерлер кентішілік жолдардың жай-күйіне де көп көңіл бөледі. Возвышенка, Надежка, Полтавка, Бәйтерек ауылдарының көшелеріне жаңа асфальт төселіпті.
Жөндеу маусымының соңына дейін аз уақыт қалды. Енді жолшылардың алдында биыл – Булаев қаласының Чехов көшесінде жоспарланған жұмыстарды сапалы және уақытында аяқтау міндеті тұр. Сондай-ақ Ұзынкөл – Возвышенка жолдарының учаскесінде жөндеу жұмыстарын 2025 жылы аяқтау жоспарлануда.
Ал келесі жылы Лебяжье – Құралай жолының учаскесін ретке келтіру керек. Бұдан басқа, Чистовское, Александровка, Пролетарка және Ұзынкөл ауылдарына кіреберісті жөндеудің техникалық құжаттамасы әзірленуде. Қарағанды – Надежка және Таманское – Пулеметовка жолының учаскесі қарастырылуда. Мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіле ме, жоқ па қаржыландыруға байланысты болады.
2024 жылы Мағжан Жұмабаев ауданында жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге 45 км аудандық және кентішілік жолдар жөнделді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жаңа спорт кешені ашылды