Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды жоба қолға алынды. 2026 жылғы 9 сәуірде аудан әкімдігі мен «Транстелеком» АҚ-ның «Көкшетаутранстелеком» филиалы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп жазады Qazaqstan Media.

Құжатқа аудан әкімі Рахат Смағұлов пен филиалдың басқарушы директоры А.С. Досмағамбетов қол қойды. Тараптар бұл бастама өңірдегі интернет сапасын жақсартуға және шалғай елді мекендерді байланыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жоба аясында ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту бірнеше заманауи технология арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, GPON технологиясы арқылы талшықты-оптикалық желі тікелей тұрғын үйлерге жеткізіледі. Сонымен қатар радиотехнологиялар қолданылып, арнайы антенналар арқылы интернет сигналы ауа арқылы таратылады.

Инфрақұрылымы дамымаған шалғай ауылдар үшін спутниктік интернет – Starlink жүйесін пайдалану да қарастырылған. Бұл шешім интернетке қолжетімділігі шектеулі елді мекендер үшін тиімді болмақ.

Жобаның алғашқы кезеңі ретінде Авангард ауылдық округіне қарасты Достық ауылында пилоттық жұмыс басталады. Мұнда үй шаруашылықтарын GPON технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланып отыр. Алғашқы абоненттерді қосу 2026 жылғы сәуір айының соңына дейін жүзеге асады деп күтілуде.

Алдағы уақытта жоба ауданның басқа да сирек қоныстанған ауылдарын қамтып, «ақ дақтар» деп аталатын интернетке қолжетімсіз аумақтарды азайтуға ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, білім беру, денсаулық сақтау және цифрлық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді.

Тағы оқыңыз: Сөзден іске: СҚО-ның Мамлютка қаласында жаңа экологиялық ойлау жүйесі қалыптасуда

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *