Заречный кентінде тасқын судан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл жерде 10 мамырдан бастап М. Жұмабаев ауданынан келген механикалық бригада жұмыс істеуде. Оған 35 адам мен 5 техника жұмылдырылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тасқын су салдарынан Заречный кентінде 239 үй су астында қалған. Зардап шеккен баспаналардың бірі – Тагир Иксановтыкі. Ол бұл үйде 55 жыл тұрған. Үйге тасқын кезінде су 1 метрден жоғары кірген. Баспана толығымен суға кетпесе де жиһаздар жарамсыз болып қалды. Ал мамандар үйді қайта қалпына келтіруге болады деген қорытынды шығарған.
«Қазір үйдегі едендердің барлығын алып тастап жатырмыз. Бұл жерде жұмыс өте көп. Бізге көмек қолын созып жатқандар екі күн бойы қоқыс пен жиһаздарды сыртқа шығарды. Оларға алғысым шексіз. Жедел штабқа барғанымда бірден көмекке келді. Қабырғаларды, еденді барлығын қайта ауыстырып, жөндеу керек», — деді Заречный кентінің тұрғыны Тагир Иксанов.
М. Жұмабаев ауданынан келген механикалық бригада 67 үйге жауапты. Бүгінде үш үйге су сору жұмыстарын жүргізіп, қоқыстар мен жарамсыз жиһаздарын сыртқа шығаруға көмектескен. Бригада 150 тоннадан астам қоқыс шығарған.
«Әр бригадада жеті маманнан бар. 10 мамырда тек біздің ауданның екі бригадасы ғана жұмыс істеп бастаған болатын. Себебі, жұмыс қазіргідей көп болмады. Ал су ақырын кетіп бастаған соң барлық бес бригада осы жерге келіп өз жұмыстарын бастады. Бізде бес камаз, бір эскаватор және қоқыстарды артатын бір техника бар», — деді М. Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Достан Тасмағанбетов.
Тағы оқыңыз:Петропавлда газ баллоны жарылып, 95 жастағы қария зардап шекті