Мағжан Жұмабаев ауданында Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Рахат Смағұлов айтты. Сонымен қатар ауданда биыл 53 мыңға жуық көшет егліген. Бұл аудан үшін рекордтық көрсеткіш екен, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бүгінде нысанға 3600 сиыр жеткізілген. Уақыт өте көрсеткіш 10 мың басқа дейін жетпек. Брифингте атқарылған жұмыс та қорытындыланды.
«Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында ауданға тартылған инвестиция көлемі 18,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары. Ауданда әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған 14 баспана салынуда. Биыл 317 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 500 млн теңгеге 10-ға жуық мектеп жөндеу көрді», — деді аудан әкімі Рахат Смағұлов.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы жол желісінің ұзындығы 650 шақырымды құрайды. Оның 80 пайызы — қанағаттанарлық жағдайда. Аталған аймақтағы елді мекендердің барлығы таза ауыз сумен қамтылған.
Сонымен қатар, ендігі жылы әр ауылға сапалы интернет тартылады. Аудан әкімінің сөзінше, ауданда «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыс атқарылған.
«Ауданда жасыл желек қорын молайтуға 391 млн теңге бөлінді. Тұрғындармен бірлесіп 53 мыңға жуық көшет ектік. Бұл — рекордты көрсеткіш», — деді спикер.
Биыл жұмабаевтық диқандар 419 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Қажырлы еңбек пен ауа райының қолайлы болуының арқасында 650 мың тоннаға жуық өнім алынған. Орташа шығымдылық 22 центнерді құрайды.
Тағы оқыңыз: Астаналық жігіт Петропавлға мефедрон тасымалдаған

