М. Жұмабаев ауданы Алтын дән ауылдық округінің әкімі Валерий Форш сегіз қырлы бір сырлы азамат. Ол жергілікті мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Қолы босаған кезде ауыл әкімі түрлі бұйымдар жасап, қолөнермен де айналысады екен. Шебер әкім спортты да жанына серік еткен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Валерий Форш кішкентай кезінен шығармашылыққа жақын болған. Оны қолөнерге анасы мен әжесі баулыған екен. Ол еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған. Кейін 25 жыл құрылыс саласында жұмыс істеп, 2016 жылы мектепке қайта оралады.
«2017 жылы біз оқушыларымызбен бірге Мағжанның музейінде көрме өткіздік. Онда 90-ға жуық қолөнер бұйымы қойылды. Бұл аудандағы ең үлкен көрме болды. Бір жарым ай бойы тұрды. Сол кезден бастап өзімді шығармашылықта шыңдай бастадым», — деді Алтын дән ауылдық округінің әкімі Валерий Форш.
Ал 2020 жылы Валерий Форш Алтын дән ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Азамат қазіргі таңда мемлекеттік қызметкер болса да, мектепте балаларға сабақ беріп, оларды еңбекке баулып жүр.
«Әрине, екі жұмысты қатар алып жүру қиын. Бірақ оқушыларымды қимадым. Негізі заң бойынша, мемлекеттік қызметшіге 8 сағат ұстаздық қызметпен айналысуға рұқсат етілген екен. Түскі асқа мүлде шықпаймын. Сол уақытымды балаларға сабақ беруге арнаймын», — дейді ол.
Шебер негізінен ағаш және темірмен жұмыс істегенді ұнатады. Сондай-ақ майлы бояумен сурет салғанды жаны сүйеді. Оның істеген бұйымдарының арасынан батырдың киімін, қару-жарағын және ағаш табақтарды көруге болады. Ол қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевың портретін де жасаған. Валерий Форш осы туындыны жасауға 144 мың биссерді пайдаланған екен. Портретті жасап шығуға шебердің 1 жылдан астам уақыты кеткен. Нәтижесінде, осы еңбегі үшін халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, 63 жастағы әкім ауыл балаларын спортқа баулиды. Төрт жылдың ішінде 20-ға жуық кубок иеленген. Валерий Яковлевич кезінде еркін күреспен айналысқан. Қазір де спортты тастаған емес.
«Мен батырдың киімдерін жасап, оларды көрсету арқылы оқушыларыма патриоттық тәрбие беремін. Жігіттеріміз Отанын сүйіп, елін-жерін қорғауды үйренуі керек. Әскерден ешқашан қашпауы қажет. Мәселен, менің туыстарым қазір Германияда тұрып жатса да, мен осындамын. Мен Қазақстанда дүниеге келдім Еліме қызмет етемін. Туған жерімнен ешқайда кетпеймін», — деді Алтын дән ауылдық округінің әкімі Валерий Форш.
Валерий Форш Алтын дән ауылдық округіне әкім болып сайланғаннан бастап біраз дүние өзгерген. Мұндағы үйлердің 95 пайызына су кіргізіліп, 5 км жолға асфальт төселген. Сондай-ақ мәдениет үйі жөнделіп, 3 топ жаттығатын спорт, тренажер залдары ашылған.
Тағы оқыңыз:Петропавл қаласының дизайн-кодын әзірлеуге байқау жарияланды