Мағжан Жұмабаев ауданына Германиядан 165 бас асылтұқымды ірі қара әкелінді. Құнажындар Батыс Еуропадан елімізге ұшақпен, ал Советское ауылына жүк көліктерімен жеткізілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Енді олар карантинге қамалып, ветеринарлардың бақылауында болады. Аталған елді мекенде Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы – сүт фермасы салынуда. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша аз пайызбен несие алып, мал шаруашылығын дамытуды көздейді.
«Осыған дейін Украинадан — 256, Германиядан 165 бас мал әкелдік. Бүгінгі үшінші партияны қосқанда фермада барлығы 600-ге жуық голштино-фриз тұқымды сиыр бар. Оларға біздің ветеринарларымыз жіті қарады. Алғаш әкелінген құнажындар төлдеп бастады. Наурыз айында оларды сауу процесі басталады»- деді «СК Агро 2050» ЖШС директоры Николай Кляйн.
Кәсіпкер әр сиырға мемлекеттен қосымша 700 мың теңге субсидия алады. Қазіргі таңда ауылда 10 мың басқа шақталғае заманауи тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Жоба құны – 8 млрд теңге. Қаржы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен берілді. Айта кету керек, серіктестік мамандары Германияға арнайы барып, құнажындарды өздері таңдап алған.
Айта кету керек, болашақта заманауи кәсіпорында бір мезетте 100 сиырды саууға мүмкіндік беретін “Карусель” жүйесі жұмыс істейтін болады. Өндіріс орны толық қуатқа шыққаннан кейін жылына 39 мың тонна сүт өндірілмек.
Тағы оқыңыз: Ербол Хамитов парашаңғыдан әлем кубогы кезеңінде күміс жүлдеге ие болды

