Шілденің 13-і күні Қозыбаев университетінде грант конкурсына құжат қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. Білікті мамандар осы айдың 20-на дейін білім нәрімен сусындаймын деген әр талапкерге қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жергілікті білім ордасының мамандары жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірін аралап кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Сол себепті, биыл университетке түсетін талапкерлердің саны өткен жылға қарағанда көп болады деп күтілуде. Айта кету керек, өңіріміздегі жалғыз оқу орнының қабылдау комиссиясы Түркістан, Шымкент, Ақтау, Қызылорда қалаларында да жұмыс істеп тұр. Бұл оңтүстік пен батыстық ұл-қыздардың мыңдаған шақырым еңсеріп, әрі-бері жүрмеуі үшін жасалған.

«Биыл мемлекет тарапынан 79 мың білім гранты бөлінді. Соның мыңнан астамы біздің университетке бағытталды. Педагогикалық квота бойынша 300 грант беріледі», -деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі Айгүл Нұрпейісова
Кез келген талапкерді жатақхана мәселесі алаңдататыны сөзсіз. Қозыбаев университінің студенттеріне бұл жайлы уайымдаудың еш қажеті жоқ. 2024 жылдың соңында білім ордасының 1200 орынға шақталған қос зәулім, заманауи жатақханасы қолданысқа берілген болатын. Демалыс күні болса да келген талапкерлердің қарасы қалың болды. Бір айта кететіні, нысан ішінде бұрынғыдай ұзын-сонар кезек болмады. Ұл-қыздар бұрынғыдай талон алып сандалып жүрмеді. Смартфоны арқылы QR кодты сканерлеп, сауалнаманы толтыру арқылы кезекке тұрды. Тиісінше, шақыру хабарламасы талапкердің электрондық поштасына келіп түсті.

«Ағылшын пәні мұғалімі мамандығына тапсыратын боламын. Себебі, қазіргі заманда шет тілін жетік меңгерген жандардың жетістікке жету мүмкіндігі жоғары. Қозыбаев университеті өзіме қатты ұнайды. Аға-әпкелерім аталған білім ордасында оқыды. Тиісінше, олар маған аталған оқу орнында білім алуға кеңес берді», — деді талапкер Жанбота Төлебай.
Айта кету керек, білім ордасында шілде айының басында шығармашылық емтихан тапсыруға құжат қабылданған болатын. Аталған бағыт бойынша 350-астам талапкерден өтініш түскен екен.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның үздік ауылдық мәдени мекемесі анықталды