Петропавлда кәсіпкерлерден ақша бопсалады деп айыпталған блогерлердің ісіне қатысты сот үкімі шықты. Бүгін олар жеті жылға темір торға қамалды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлдық блогерлер Сергей Сайко мен Роберт Подласов YouTube және Instagram әлеуметтік желісінде бірнеше жыл бұрын аккаунт ашады. Қаладағы ірі сауда орындарында тексеріс ұйымдастырып, бүлінген тауарды салмау үшін сауда иелерінен ақша талап етеді. Осылайша, блогерлер «Таткрафт-Инвест» ЖШС директоры Андрей Исаковпен кездесіп, оның сауда үйіндегі жазбаларды жарияламау үшін ақша сұраған. Ай сайын кәсіпкер оларға 200 мың теңге беріп отырған.
Дәл осылай Роберт Подласов пен Сергей Сайко Magnum Cash & Carry сауда желісінің облыстағы басшыларынан да ақша бопсалайды. Кәсіпкерден тіпті 50 млн теңге талап еткен. Бұл туралы кәсіпкер полицияға хабарлайды. Осылайша, 2023 жылдың күзінде блогерлер ұсталып, оларға ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігі, 2-тармағы және 194-баптың 4-бөлігі 2- тармағы бойынша айып тағылды.
Алғашқы сот
Кейін бір жыл бойы іс қаралып, былтыр жазда блогерлердің соты алқабилердің қатысумен өтті. Ол кезде күдіктілер ақталып, бостандыққа шыққан болатын. Кейін шешімге келіспеген прокурор мен жәбірленуші тараптың қорғаушысы бірден апелляциялық шағым түсірді. Оны қараған облыстық сот алқабилер құрамында да шикіліктер барын анықтады. Осылайша, ақша бопсалап, пайда тапқан қос азаматтың ісі қайта қаралды. Ал бүгін сот өз үкімін шығарды. Сот отырысы алқабилердің қатысуымен өтті.
«Сергей Сайко кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтесін. Роберт Подласовты сот ҚР ҚК 194 бабының 4 тармағы бойынша кінәлі деп тауып, жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылсын. Жазасын орташа қауіпсіздіктегі мекемеде өтесін. Сайко мен Подласовтан жәбірленушілер пайдасына бір млн теңге өндірілсін», — деді үкімді оқыған облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Ерлан Нұршарыпов.
Күдіктілер сот залында қамауға алынды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда әскерилер мен Ауған соғысының ардагерлері жастармен кездесті