Конституциялық комиссияның мүшелері Ерлан Тоқшылық пен Владимир Бубенко Қозыбаев университетінің ұжымы және студенттерімен кездесу өткізді. Тағылымы мол шараға «Әділетті Конституция — қуатты мемлекет» тақырыбы арқау болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жүздесу барысында спикерлер әр баптың мазмұнына тоқталып, азаматтардың ұсынысы толықтай ескерілгенін атап өтті. «Еліміздегі басты құжаттың жаңадан қабылдануы — ортақ жауапкершілік, сондықтан әр жанның пікірі аса маңызды», — дейді комиссия мүшесі Ерлан Бейсенұлы.

«Конституциялық комиссияның отырыстары тікелей эфирде көрсетілді. Бұл арқылы біз халықты ақпараттандырғымыз келді. Өте көп ұсыныс-пікірді талқыладық. Жаңа Конституция жан-жақты қаралды», — Конституциялық комиссия мүшесі Ерлан Тоқшылық.
Спикерлердің сөзінше, Конституциялық комиссияға азаматтардан 10 мыңнан астам пікір мен ұсыныс түскен. Тұрғындар өз ойларын «eGov» және «E-Otinish» порталдары арқылы жеткізді. Ата заң 84 пайызға өзгеріп отыр. Ал мазмұнының басым бөлігі адам құқығына бағытталған. Жастарға да ерекше көңіл бөлініпті.

«Бәрінен бұрын Конституция Преамбуласына «Заң және тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттары енгеніне қуаныштымын. Бұл жастардың талай жыл атқарған еңбегінің арқасы деп ойлаймын», — Қозыбаев университетінің студенттік Үкімет президенті Асанәлі Жанатұлы.
Комиссия мүшелері Конституцияға енгізілетін өзгерістерді университет ұжымы мен жастарға жіті түсіндірді. Сонымен қатар, 15 наурызда өтетін жалпыхалықтың референдумға біркісідей қатысуға шақырды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жаңа Ата заң жобасын қолдау жөніндегі Коалиция құрылды

