Жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылау барысында медицина саласына қатысты нормаларға ерекше назар аударылып отыр. Денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы, азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігі және әлеуметтік кепілдіктерді сақтау – құжаттағы басты бағыттардың бірі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жаңа Конституция жобасы азаматтардың ұсыныстарын жинау және кейін оны жалпыұлттық референдумда қабылдау мақсатында кең қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжатта денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды нормалар қарастырылған.

Атап айтқанда, жобаның 32-бабында азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы және оны іске асыру тетіктері бекітілген. Сондай-ақ заңда белгіленген көлемде медициналық көмек алу құқығының сақталатыны нақтыланады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алаңында өткен талқылау кезінде сала басшысы Акмарал Әлназарова да айтып, ұсынылып отырған тұжырымдар әлеуметтік кепілдіктерді нақтылауға және құқықтық тұрғыдан күшейтуге бағытталғанын жеткізді.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі директоры Нұрболат Иманжанов Конституция жобасындағы нормалардың медицина саласы үшін өзекті екенін атап өтті.

«Медициналық білім беру ұйымының басшысы ретінде жаңа Конституция жобасын кең қоғамдық талқылауды қолдаймын. Әсіресе, азаматтардың денсаулығын қорғау құқығын бекітетін және оны іске асыру тетіктерін айқындайтын 32-баптың маңызы зор. Жобада медициналық көмекті заңда белгіленген көлемде алу құқығының сақталуы нақты көрсетілген. Сонымен қатар, медициналық көмекті қаржыландыру көздерін бюджеттен тыс қаражат есебінен кеңейту туралы норма өзекті. Бұл әлеуметтік кепілдіктерді сақтай отырып, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Нұрболат Иманжанов.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер әсіресе өңірлер үшін маңызды, өйткені алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайтуға, профилактика мен пациенттерді тиімді бағыттауға жол ашады.

«Біздің колледж үшін бұл – маңызды бағдар. Адам денсаулығы мен адами капиталды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығына айналып отыр. Бұл медбикелер, фельдшерлер және орта буын мамандарын даярлаудың маңызын арттыра түседі. Дәл осы мамандар күнделікті жерде халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді», – деп толықтырды колледж директоры.

Айта кетейік, Конституция жобасы бойынша қоғамдық талқылау жалғасып жатыр. Түскен ұсыныстар жинақталып, кейін құжат жалпыұлттық референдумға шығарылмақ.

Тағы оқыңыз: Петропавлда пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қолдауға арналған шара өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *