Қаламыздың көрікті болуына, экологиялық тазалығын сақтауға үлес қосып жүргендердің жұмысы көзге көрінбейді. Әдетте қолдарына сыпырғыш пен күрек ұстап жүрген жандарға жұрттың назары да ауа бермейді. Бірақ, «Коммунхоз Петропавл» ЖШС-ның жұмысшылары міндеттерін абыроймен атқарып, қаланың тазалығын сақтауға тырысады. QM тілшісі 10 жылдан астам уақыттан бері коммуналдық мекемеде еңбек етіп жүрген еңбек адамы Зада Уәлиевамен тілдесті.

Қақаған аяз бен аптап ыстыққа қарамай қолдарына сыпырғыш, күрек ұстап, қала тазалығына жауап беретін коммуналдық мекеме қызметкерлерінің жұмысы маңызды. Сондай жауапты істі атқарып жүрген жандардың бірі – Зада Уәлиева.

«Көше сыпырып жүргенің үшін ұяламын»: Петропавлда коммуналдық мекеме қызметкері өз жұмысы жайлы айтып берді

«Мен «Коммунхоз Петропавл» мекемесінде 2013 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жазда гүлдерді суарып, бордюрлерді әктейміз. Саябақтарды, қоғамдық демалыс орындарын сыпырып, тазалаймыз. Қыста қар күреп, жолдардағы мұзды оямыз. Жұмыс — оңай емес. Бірақ, бос отырғаннан жақсы. Жалақыны уақытында төлейді. Еңбек келісімшарты сақталады. Жұмыс құралдарын да береді. Жұмыс істеймін деген ниетің болса, болғаны. Кейде отбасым: «Жұмыстан шық, ауырасың. Сенің көше сыпырып жүргенің үшін ұяламын», дейді. Бірақ мен ұялмаймын. Еш арланбаймын да», — дейді Зада Уәлиева.

Кейіпкердің айтуынша, ол бұрындары сатушы болып еңбек еткен. Кейін денсаулығына байланысты жұмыстан шығуға мәжбүр болыпты. Оған өкінбейді де. Жұмыссыз қалған жоқпын, дейді. Жастарды да жұмыстан қашпауға шақырады.

«Жаз уақытында жастар келеді. Үш ай жұмыс істеп, ақша табады. Бірақ, қыста келетіндер аз. Ауыр жұмысқа шыдай алмайтындар да бар. Біздің жұмысты бағаламайтын азаматтар да кездеседі. Үйіндегі қоқысты көшедегі урналарға тастап кетеді. Әдейі шашып, қоқыс лақтыратындар да бар. Мен мұндай жағдайлар әр адамның мәдениеттілігіне байланысты деп ойлаймын», деп өз ойымен бөлісті қызметкер.

Қазіргі кезде Петропавл көшелерін қар мен мұздан тазартуға «Коммунхоз Петропавл» ЖШС-ның сегіз бригадасы жауапты.

Тағы оқыңыз: СҚО-да белгілі шенеуніктің баласы өз қызын зорлап келген

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *