Мәжілісте көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасын қайта қарау ұсынылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Курсив агенттігіне сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың көлікті 5 минуттан артық қыздыруға айыппұл салуға қатысты нормаларды қайта қарау жөніндегі ұсынысы Әділет министрлігінің ведомствоаралық комиссиясында қаралады. Бұл туралы Сенат кулуарында Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты.
«Негізінен әкімшілік бұзушылықтарға қатысты өзгеріс енгізу мәселесі ведомствоаралық комиссияда қаралады. Бұл комиссияға мүдделі органдардың қызметкерлері ғана емес, сонымен бірге депутаттар мен ғылыми қауымдастық өкілдері де кіреді. Депутаттың ұсынысы күн тәртібіне шығарылып, комиссияда талқыланады. Оның нәтижесі комиссияда қаралған соң белгілі болады», – деді министрлік өкілі.
Еске сала кетсек, 15 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысында депутат Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салу туралы норманың қарапайым жүргізушілер мен кәсіпкерлер үшін қолайсыздық тудыратынын айтты. Сонымен бірге бұл нормалар парламентте қаралғанда, өзінің қарсы болғанын жеткізіп, заңды қайта қарауды ұсынды.
«Аймақтардың температуралық режимі мен климатын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған қозғалтқышы бар тұрақ туралы норманы қайта қарау және зиянды шығарындыларды азайту бойынша баламалы және неғұрлым әділ шараларды пысықтауды ұсынамыз», – деді депутат.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Жол жүрісі ережелерінің 88-бабы, 5-тармағына сәйкес, елді мекендерде қозғалтқышы қосулы көліктердің тұруы, егер ол тұрғындарға қолайсыздық туғызса, тыйым салынады. Көлік қыздыру уақыты 5 минуттан асса 19 660 теңге (5 АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған
Тағы оқыңыз: Петропавлда жабық футбол корты өртеніп кетті