Петропавлды сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» ЖШС жөндеу жұмыстары кезінде ескерту белгілерін қоймағаны үшін айыппұл төлейтін болды. Кәсіпорын қызметкерлерінің салғырттығынан көлік шұңқырға түсіп кеткен, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қаңтардың 24-і Петропавлдың қақ ортасында Subaru Forester көлігі шұңқырға түсіп кеткен. Оқиға кешкі бестер шамасында болған. Ол жерді «Қызылжар су» ЖШС қазып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан.
Осы жағдайға байланысты әкімшілік іс қозғалып, «Қызылжар су» ЖШС айыппұл төлеуі тиіс.
«Қызылжар су» ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабының 2-бөлімінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Кәсіпорынға 117 960 мың теңге айыппұл салынды. Мұнымен келіспеген жағдайда олар жоғарғы тұрған органға 10 күн ішінде шағым түсіре алады. Айыппұлды кәсіпорын 30 күн ішінде төлеуі тиіс», — делінген Петропавл қалалық ПБ қаулысында.
Жалпы, стандарттарға сай жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерге 300 метр қалғанда ескерту белгілері қойылуы тиіс. Тағы 50 метр жүргенде жылдамдықты 40, ал тағы 50 метр өткенде жылдамдықты 20 шақырымға дейін төмендету және алда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деген белгілер орнатылуы керек. Алайда «Қызылжар су» ЖШС мұның бірін де ескермеген. Олар тек дәл шұңқырдың маңында белгі қойған. Оның өзін жел құлатып тастаған.
Ең сорақысы, көлік шұңқырға түсіп кеткен күннен бір күн бұрын, яғни 23 қаңтарда кәсіпорын осындай заң бұзушылыққа жол бергені үшін айыппұл арқалаған. Ол кезде серіктестік 58 мың теңге төлеген. Бірақ оларға бұл да сабақ болмаған сыңайлы.
Айта кетейік, «Қызылжар су» ЖШС М. Жұмабаев пен Ульянов көшелерінің қиылысында жөндеу жұмыстарын 16 қаңтарда бастаған. Мұнда су құбырларының бір-біріне жалғанған тұсы ажырап кетіп, 12 көпқабатты үй мен 14 нысан бір тәулікке жуық сусыз отырған. Нысанда жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталған жоқ.
Тағы оқыңыз: Футболдан ел құрамасын «Қызылжар» ФК экс-бапкері Әли Әлиев жаттықтыратын болады