«Құлагер» ХК ойыншыларынан ақша алып, ізін суытқан клуб басшысы Сергей Филь ұсталды. Оны тәртіп сақшылары Қарағанды қаласында қолға түсірген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Сергей Филь команданың ресейлік ойыншыларынан «Қазақстан азаматтығын алып беремін» деп алдап ақша алып, үшті-күйлі жоқ болып кеткен. Үш ресейлік легионер Сергей Фильге 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша берген.
Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Филь пәтерлерді бөтен адамдардың атына жалдап, тұрмыстық техника мен жиһазды алып кетіп, ізін суытқан екен. Осылайша, хоккей клубының басшысы ұрлықшы да болып шықты.
Полиция аталған фактіні тіркеп, іздеу жариялаған болатын. Көп ұзамай нәтижесін берді.
«Бірнеше адамға алаяқтық жасады деген күдікпен 45 жастағы Астана қаласының тұрғыны ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды»,- деп хабарлады полиция департаменті.
Айтпақшы, айыпталушы бұрында істі болыпты. 2017 жылы ресейлік БАҚ өкілдері оның алаяқтық, ұрлық және денсаулыққа ауыр зиян келтіру күдігімен іздеуде болғанын жазған.
Тағы оқыңыз: А.Аймағанбетов: Мұғалім тәулік бойы чаттарда арпалысып отыратын модератор емес