Цифрлық және білім беру теңсіздігін жою, заманауи технологияларды енгізу және оқушыларды даярлау. Мемлекет басшысы өз Жолдауында аталған бағыттарға ерекше көңіл бөлді. Міндеттерді жүзеге асыруда Ғабит Мүсірепов ауданы белсенді жұмыс істеуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Білім беруді цифрландыру үшін тұрақты әрі жылдам интернет ауадай қажет. Аталған ауданның барлық мектебі толығымен интернетке қосылған. Жалпы, ауданда 49 байланыс нүктесі бар. Оның екеуі «Starlink» жобасы аясында жұмыс істейді. Бұл нүктелердегі интернет жылдамдығы 25-тен 150 Мбит/с дейін жетеді.

«Ауданымызда цифрландыру және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу жұмыстары басталып кетті. Мысалы, «BilimClass.kz», «НОБД»сияқты платформалар оқушылардың үлгерімі туралы үлкен көлемдегі мәліметтерді жинап, сараптайды», – дейді Ғабит Мүсірепов аудандық білім бөлімінің басшысы Эльмира Қарабаева.

Аудан орталығындағы мектептерде «Е-асхана« және «Әлеуметтік әмиян» платформалары арқылы оқушылардың тамақтануы есепке алынады. Қалған білім ұясында «Бизнес-әмиян» жүйесі іске қосылған. Заман игілігі арқылы есеп беріп, шоттарды басқаруға, ұсыныс-пікір қалдыруға мүмкіндік бар.

Өткен жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауының арқасында аталған аудандағы мектептердің бірінде биология, химия, физика кабинеттері, ART-студия, STEM-зертханасы, инклюзияны қолдау кабинеті мен мектеп телестудиясы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Барлығы 32 оқу бөлмесі мен қосымша білім беру шеберханаларын жаңартуға 25 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Бірінші қыркүйектен бастап ауданда «Ауыл мектебі – білім сапасы» жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыру.

«Аудан орталяғындағы №1-ші Новоишим орта мектебі тәжірибе орталығына айналады. Оқу орны басқа мектептерге әдістемелік көмек көрсететін болады. Бастама аясында математика, физика, химия, биология, ағылшын және қазақ тілі пәндеріне ерекше көңіл бөлінеді», – деді Эльмира Қарабаева.

Президент тапсырмасына сәйкес ауданда жасанды интеллект бойынша курстар енгізілуде. Мұғалімдерді ЖИ-мен жұмыс істеуге үйрету үшін генеративті модель және промт-инжинер курстары басталды. Жыл соңына дейін аудан мектептерінің барлық мұғалімдері аталған оқудан өтеді.

Ауданда мектептерді жаңғырту жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Мысалы, биыл Чистополь мектебіне 16 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, биология мен химия кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған болатын.

Тағы оқыңыз: Петропавлдағы Абай мен Пушкин ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *