Петропавлдың орталық алаңында Конституция күніне орай мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары концерт тамашалап, интерактивті және спорттық ойындарға қатысуға мүмкіндік алды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
30 тамыз еліміз үшін аса маңызды мерекелердің бірі – Конституция күні. Осыған орай Петропавлдағы орталық алаңда үлкен сахна қойылып, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік концерт ұйымдастырды. Оны тамашалауға келгендердің қатары қалың.
Александра Кушина Петропавлдағы жастар ресурстық орталығының еріктісі. Мерекеде тұрғындар мен қала қонақтарына жалаушаларды таратып жүр.
«Мен барша қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Еліміз дамып, гүлдене берсін. Жастар ресурстық орталығына келгеніме көп уақыт болған жоқ. Бірақ, жұмысым өзіме ұнайды. Бүгін халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін жалаушалар таратып жүрмін», — деді Александра.
Орталық алаңда Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкерлері интерактивті ойын өткізді. Олар Ата Заңымызға қатысты, адамның міндеттері мен құқықтары туралы қызықты сұрақтар дайындаған. Кішкентай қатысушыларға тәтті сыйлықтар да берілді.
Ал Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері қолөнер бұйымдарын жасады. Әзірбайжандар қуыршақ тіксе, украиналықтар гүл дестелерін дайындады. Қазақтар тойбастар тігіп, шеберліктерін көрсетті.
«Мен мұндай мерекелік шараға алғаш қатысып отырмын. Қазір тойбастар тігіп жатырмын. Көпшілік ортасында болғасын қобалжу бар. Бірақ, әдемі шығады деп ойлаймын. Барша тұрғындарды бүгінгі мерекемізбен құттықтаймын. Болашағымыз бүгінгі күндей жарқын болсын», — деді шеберлігін көрсеткен Дария Асылсұлтан.
Сондай-ақ алаңға келгендерге Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана поэзия сағатын ұйымдастырды.
Петропавлдағы мерекелік шаралар тек орталық алаңда ғана емес, шаһардың әр ауданында да ұйымдастырылды. Оған қаланың жүздеген тұрғыны қатысып, тамаша әсер алды.
Тағы оқыңыз: Есіл ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті