СҚО-да «Инклюзивті қоғамды дамыту» бағытындағы шағын гранттар конкурсы аясында жүзеге асқан жобалардың нәтижелері жарияланды. Биылғы жобалар аутизмі бар балаларды кәсіптік оқытуға арналды, деп жазады Qazaqstan Media.
Инклюзивті бастамалар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Эра-KZ» РҚБ қолдауымен іске астМы.
«Петропавл шағын гранттардың жүйелік өзгерістерге қалай әсер ететінін көрсетті. Аутизмі бар балаларды сұранысқа ие қолөнерге үйретуден бастап, жүзден астам мұғалімдердің біліктілігін арттырды. Бұл жобалар СҚО-да шынымен инклюзивті мәдениеттің негізін қалады», – деді ұйымдастырушылар.
Қолөнерге баулу
«Менің балам» ҚБ жүзеге асырған «Сиқырлы ине» жобасы аутизмі бар балалардың шығармашылық және кәсіптік дағдыларын дамытуға бағытталды. Оқыту барысында 15 бала тігін машинасымен жұмыс істеуді үйренді. Үлгі жасауды, ине-жіппен тігу, кесте тігу дағдыларын,қолөнер және тоқыма бұйымдарын әзірлеу тәсілдерін меңгерді. Жобаның соңында балалар өз қолдарымен бес көрпе, 15 жастық, тоғыз киізден жасалған сурет және түрлі жұмсақ ойыншықтар дайындады.
Шығармашылық жұмыстар 3–5 қараша аралығында И.Шухов атындағы кітапханада өткен көрмеде қала жұртшылығына ұсынылды. Ұйым жетекшілері қазірдің өзінде бес оқушы үлгі дайындауды толықтай өз бетінше орындай алатынын атап өтті.
Инклюзивті білім беру бойынша 171 педагог оқытылды. «АРДОС–Жүрек» мүгедектер бірлестігі СҚО-ның төрт ауданында педагогтар үшін біліктілікті арттыру семинарларын өткізді. Педагогтар жобаның «Кедергісіз мектеп» тұжырымдамасын дамытуға нақты үлес қосты.
Инклюзивті спорт
«Инклюзивті футбол лигасы: балалар алғаш рет республикалық турнирге қатысты. Астана қаласындағы «Bolashak Charity» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Uni football league» жобасы Петропавл және Шымкент қалаларынан келген инклюзивті футбол командаларының республикалық турнирге қатысуына мүмкіндік берді. Жобаға даму ерекшеліктері бар 20 бала, олардың ата-аналары мен жаттықтырушылары қатысты»,-дейді ұйымдастырушылар.
Жоба инклюзивті спорттың қолжетімділігін арттыруға және балалардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етті. СҚО-да іске асқан үш жоба да балалардың әлеуетін ашуға, педагогтардың кәсіби деңгейін көтеруге және өңірде инклюзивті орта құруға бағытталды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да соттың шешімімен 11 адам психокоррекциялық курстан өтуде

