16 наурыз күні «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы баспасөз конференциясын өткізді. Жиында олар жаңа Конституция жобасы бойынша өткен референдумды бақылау қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Журналистер алдында саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, Нұргелді Әбдіғаниұлы, Дос Көшім және қоғам белсендісі Бекнұр Қысықов сөз сөйледі.
Спикерлердің айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар тобын құру жаңа Конституция жобасының алғашқы нұсқасы жарияланғаннан кейін көтерілген. Бұл ұсынысты саясаттанушы Нұрболат Нышанбай айтқан. Оны қоғамдық белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері қолдаған.
Топтың негізгі мақсаты — 15 наурыздағы дауыс беру үдерісіне қоғамдық бақылау жасау. Сондай-ақ рәсімнің ашық өтуіне ықпал ету және ықтимал заңбұзушылықтардың алдын алу.
Бақылауға дайындық бір ай бойы жүрген. Осы уақыт ішінде әр қаладан еріктілер тартылып, оларға арнайы оқыту мен нұсқаулықтар ұйымдастырылған. Қатысушыларға сайлау заңнамасының талаптары мен қоғамдық бақылау тәртібі түсіндірілген.
Референдум күні «Халық үні» тобының шамамен екі мың бақылаушысы елдің 11 қаласында жұмыс істеді. Олардың қатарында Алматы, Тараз, Түркістан, Орал, Қонаев және Талдықорған бар. Бақылаушылар учаскелерде таңнан кешке дейін болып, дауыс беру барысын қадағалаған.
«Мұндай бастама қоғамдағы саяси мәдениетті нығайтып, азаматтардың сайлау үдерісіне деген сенімін арттырады»,-дейді Нұрболат Нышанбай.
Сарапшылардың сөзінше, тәуелсіз бақылаушылар жүргізген мониторинг нәтижесі жалпы алғанда Орталық референдум комиссиясы жариялаған ресми мәліметпен сәйкес келген.
Баспасөз конференциясында Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалардағы учаскелерде тәуелсіз бақылаушылардың болуы қоғамдық бақылаудың маңызды бөлігіне айналғаны айтылды. Олардың пікірінше, бұл дауыс беру рәсімінің ашықтығын күшейтіп, азаматтардың саяси науқанға деген сенімін арттырған.
Кездесу соңында топ өкілдері бастаманың басты мақсаты — қоғамның сайлау рәсіміне деген сенімін күшейту және азаматтық қатысу мәдениетін дамыту екенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: «Ел Дауысы» қоғамдық қоры өткен референдумның ашық әрі заңды өткенін мәлімдеді

