Green Park демалыс орнындағы жануарларға күтім көрсетілмейді, иттер жараланған. Петропавл қаласының тұрғыны оларды видеоға түсіріп, өзінің Instagram парақшасына жүктеген. Ал бүгін демалыс базасының өкілдері аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Иттер көз алдымызда өліп барады. Оларға күтім көрсетілмейтіні көрініп тұр. Үстері кір, таралмаған. Бірінің аяғы, екіншісінің басы жараланған. Іріңдеп жатыр. Біз бұған қол қусырып, қарап отыра алмаймыз. Төртаяқты достарымызды сақтап қалуға баршаңыздың ат салысуларыңызды сұраймыз», — делінген жазбада.
Бұдан соң демалыс орнының өкілдері халықты байбалам салмауға шақырды. Айтуларынша, иттердің жағдайы жақсы, алаңдауға себеп жоқ. Осыдан бірер күн бұрын өз іштерінде төбелесіп қалған көрінеді. Дереу алғашқы көмек көрсетілген, ветеринар маман келіп оларды қарап шыққан.
«Ветеринар антибиотик жазып берді. Қазір иттердің денсаулығы бақылауда. Біздегі маман оларға күн сайын қажетті күтімін жасап отырады. Хаскилерді аптасына 2-3 рет тарайды. Сонымен қатар, төртаяқтылардың тамақтануын да қадағалаймыз. Қазір қысқа дайындық басталып кетті, рациондарын реттеп, керекті дәрумендік заттарды қосудамыз. Сол себепті, алаңдауға негіз жоқ», — деді Green Park қызметкерлері.
Тағы оқыңыз: «Үздік педагог» республикалық байқауы басталды