СҚО-ның бұрынғы бас полицейі және облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті бастығының міндетін уақытша атқарған Берік Біләлов 5 жылға сотталды. Ол 2 жыл бұрын қылмыстық істі жабуға уәде беріп, 40 млн теңге пара алған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Еске сала кетейік, биыл ақпан айында генерал-майор Берік Біләлов қамауға алынған болатын. Сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оның 2021 жылы қылмыстық істі тоқтату сылтауымен алдау арқылы қомақты соманы иеленгенін мәлімдеді.
Кейін белгілі болғандай, Берік Біләлов істі болған «ҚТЖ ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалының дабыл және байланыс қашықтығы бастығы Түсіповтың туыстарынан мәселені шешіп беруге уәде беріп, 40 млн теңге сұратқан.
«2021 жылдың сәуір айында Нақыпова (Түсіповтың жұбайы) Сыздықова арқылы (екеуінің ортақ таныстары) Біләловке қаржының жартысын, яғни 20 млн теңгені берген. Ал, мамыр айының басында қалған бөлігін табыстаған. Алайда, ақшаны алған генерал-майор уәдесін орындауға асықпапты», — деп көрсетілген қылмыстық іс материалдарында.
Ал, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы тиіс Түсіпов 6 жылға сотталып кеткен. Сол кезде оның жұбайы сөзінде тұрмаған Берік Біләловтың үстінен шағым түсірген. Генерал-майор өз кінәсін мойындамаған. Тек арада біраз уақыт өткен соң ғана бар дүние-мүлкін сатып, арыз жазушыға 70 млн теңге қайтарған. Осылайша, ар-намысын сақтап қалмақ болған-мыс. Алайда, бұл оған көмектеспеді. 14 тамыз күні Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты Берік Біләловке қатысты үкім шығарды.
«Берік Сұлтанғазыұлы Біләлов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі 2-ші тармағымен (Алаяқтық) кінәлі деп танылсын. Оған 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Ол алдағы 10 жыл көлемінде мемлекеттік қызметте, сот және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның ведомстволарында, квазимемлекеттік сектор ұйымдары мен субъектілерінде еңбек ете алмайды», — делінген сот үкімінде.
Осылайша, абыройын айрандай төккен Берік Бәлілов, алдағы уақытта «полиция генерал-майоры» деген жоғары арнаулы атағы мен 2014 жылы берілген «II дәрежелі Даңқ» орденінен айырылуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: СҚО-да студенттік жатақханалардың дайындығы тексерілді