Явленка ауылында осы уақытқа дейін қаңырап бос тұрған 2 қабатты ғимарат қалыпқа келтірілуде. Алдағы уақытта мұнда балалардың бос уақытын өткізу орталығы ашылмақ. Оның құрылысына 142 млн теңгеден астам қаржы бағытталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Явленка ауылында орналасқан 2 қабатты ғимараттың негізі 1957 жылы қаланған. Бір кездері мұнда аудандық полиция бөлімі, әкімдік және жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімдері орналасқан екен. Кейінгі жылдары нысан қаңырап бос тұрған. Ал, биыл мамыр айында ғимаратты қалыпқа келтіру шаралары басталған. Мұнда балаларға арналған орталық жұмыс істейтін болады.
«Аудан әкімдігі осы ғимаратта балаларың бос уақытын өткізу орталығын ашуды ұйғарды. Нысанда барлығы 11 бағыт бойынша 20 кабинет жұмыс істейтін болады. Сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін музыка мектебі, хореография, театр, қолданбалы өнер, ұлттық спорт түрлері, дебат клубы, робототехника, техникалық және экологиялық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, балғындар сурет салу мен тігіншілікке де үйренеді. Сөйтіп, нысан ашылғанда түрлі үйірмелермен 300-ден астам баланы қамтымақпыз. Тағы 10 қосымша жұмыс орны құрылады. Осыған дейін ауданда музыка мектебі ғана болған. Оның өзі мәдениет үйінің кішкентай бөлмесінде орналасқан еді. Енді балғындар кең әрі заманауи ғимаратта шығармашылығын дамыта алады», — деді Есіл ауданды әкімінің аппарат басшысы Ержан Мұстафин.
66 жыл күрделі жөндеу жүргізілмеген нысанды түркістандық «Град-СтройСервис» ЖШС қалыпқа келтіруде. Бүгіндері олар шаруаның 50% тындырған. Қазір ғимараттың сыртын қалыпқа келтіріп, еденін төсеп жатыр. Осыған дейін шатыры мен терезелерін орнатқан.
Нысанды қалыпқа келтіруге облыстық бюджеттен 142 млн 506 мың теңге бөлінген. Шаруа қараша айына дейін аяқталуы тиіс.
Тағы оқыңыз: Өңіріміздің дамуына үлес қосқан аға буын өкілдері құрметке бөленді