Есіл ауданында заманауи технологияларды, білім беруді және креативті индустрияларды біріктіретін «Nomads-AI» креативті орталығы ашылды. Жаңа орталық жастарға, IT-мамандарға және стартап-командаларға арналған инновациялық алаң ретінде жұмыс істейді, деп жазады Qazaqstan Media.

Салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппаратының басшысы Руслан Әлішев пен Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров қатысты. Жиын барысында жоба өңірдің цифрлық және креативті әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама екені айтылды.

Орталықтың атауы мен тұжырымдамасы оның философиясын айқын көрсетеді. «Nomads-AI» – еркін ойлау, мобильділік және үздіксіз дамуға ұмтылу идеяларын біріктіреді. Көшпенді бейнесі тарихи тамырлармен үндессе, AI (Artificial Intelligence) орталық жұмысының жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке негізделетінін білдіреді.

Креативті орталықта төрт негізгі бағыт қамтылған. Коворкинг-кеңістік, робототехника және 3D-жоспарлауды оқыту аймағы, жасанды интеллект пен стартап-жобаларды дамыту алаңы, сондай-ақ заманауи медиастудия.

Есіл ауданында «Nomads-AI» креативті орталығы ашылды
Есіл ауданында «Nomads-AI» креативті орталығы ашылды

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Руслан Әлішев жобаның маңызын ерекше атап өтті:

«Бүгін біз облыста цифрлық құзыреттер мен инновациялық жобаларды дамытуға арналған креативті орталықтарды ашып жатырмыз. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, жасанды интеллект – ел дамуының болашағы. Осындай орталықтар жастарға жаңа технологияларды меңгеруге, өз идеяларын жүзеге асыруға және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. «Nomads-AI» Есіл ауданы үшін нақты өсім нүктесіне айналады деп сенемін», – деді ол.

Медиастудия кәсіби камера, микрофон, хромакей және софтбокспен жабдықталған. Бұл жерде фото және видео контент, оқу материалдары мен презентациялар әзірлеуге толық мүмкіндік бар.

Есіл ауданында «Nomads-AI» креативті орталығы ашылды
Есіл ауданында «Nomads-AI» креативті орталығы ашылды

Өз кезегінде аудан әкімі Мереке Мұхамедияров орталықтың материалдық-техникалық базасына тоқталды. Оның айтуынша, орталық үшін 10 заманауи компьютер мен 7 ноутбук сатып алынып, жаңа жиһаз орнатылған. Алдағы уақытта осындай креативті орталықтарды ауылдық округтерде де ашу жоспарланып отыр.

Жаңа орталық базасында оқыту бағдарламалары, мастер-кластар, хакатондар мен стартап-интенсивтер өткізілмек. «Nomads-AI» креативті орталығының ашылуы Есіл ауданында инновациялық орта қалыптастырып, жастардың әлеуетін ашуға және жаңа идеяларды іске асыруға жол ашады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да этностар арасындағы бірлікті нығайтуға бағытталған форум өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *