Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Турнир жеңімпаздары енді облыстық жарыста аудан намысын қорғайтын болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жас спортшылар өз арасында қазақ күресі, армрестлинг, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, жекпе-жек және ат спорты көкпар мен аударыспақтан кіл мықтыны анықтады. Сайысқа Есіл ауданының 16 ауылдық округінен келген спортшылар қатысты. Әр команда 18 жастан асқан 30 адамнан тұрды. Спорт фестивалінде үздік деп танылған спортшылар 10 шілде күні өтетін облыстық жарыста аудан намысын қорғайтын болады.
Есіл аудандық спорт бөлімі мамандарының айтуынша, бұл жерде спортпен шұғылданамын деген жастарға барлық жағдай жасалған. Мәселен, жақында Покровка ауылында каратэ секциясы ашылды. Оған 50-ден астам бала сабақтан бос уақытта барып, қатыса алады. Ауданда басқа да спорт нысандары қайта қалпына келтіріліп жатыр екен.
«Аудандық стадион күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ол жерге қазір жаңа жүгіру жолағы жасалып,футбол алаңына жасанды шөп төселуде. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де күрделі жөндеуден өтіп, барлық спорт алаңдары жаңартылуда», – дейді Есіл аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Жеңіс Кемелов.
Былтыр Есіл ауданында үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған болатын. Ол жерде бір мезетте 150 адам спортпен шұғылдана алады.
«Мұнда спортқа қызығатын жігіттер кең залда күреспен айналыса алады. Сонымен қатар жаттығу залы да бар. Шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы сияқты адамныңойлау қабілетін дамытуға арналған зал да қарастврылған. Теннис ойнауға арналған бөлме де бар. Ол жерге үш арнайы үстел қойылған. Бірнеше жыл бұрын ауданда ат спорты белсенді дами бастады.Ауданымызда жыл сайын велоспорт, еркін күрес, бокстан жарыстар өткізіліп тұрады», – дейді Жеңіс Кемелов.
2022 жылы Покровка елді мекеніндегі мәдениет үйінің базасында бокс секциясы ашылған болатын. Бөлім басшысының айтуынша, ауыл балалары оны асыға күткен. «Батыр боламын» қоры залды жабдықтауға көмек көрсетіпті. Қазір мұнда 30-ға жуық бала спортпен айналысады.
«Ильинка ауылында «Ильинское» ЖШС қаражаты есебінен 150 млн теңгеге спорт алаңы салынды. Ауылдық округтерде кәсіпкерлерспортты дамытуға белсенді көмек көрсетуде. Олардың есебінен шағын футбол алаңдары да орнатылып жатыр», — деді Жеңіс Кемелов.
Биыл жазда Есіл ауданда «Ақ бидай» облыстық жазғы спартакиадасын өткізу жоспарланып отыр. Оған Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданының спортшысы 13 ойын түрінен қатысатын болады.
Тағы оқыңыз:Есіл ауданының 515 оқушысы «Родник» лагерінде демалады