Есіл ауданының орталығында қарттар күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл жолы сауда сөрелеріне бес мың тонна көкөніс және үш мың тонна ет өнімдері қойылды. Сондай-ақ алаңға келген тұрғындар концерт тамашалап, жайылған дастарханнан дәм татуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Қайыржан Әлжанова келіні мен немересі Ақниетті ерте келген. Зейнеткер тездетіп азық-түлік алып үйіне қайтуды жоспарлаған. Алайда мұнда ұйымдастырылған концертті көріп, біраз бөгелмекші.
«Алаңға келсек концерт өтіп жатыр. Оның үстіне қарт адамдарға деп дастархан жайылыпты. Ыстық шай ұсынды. Барлығы дәмді. Тіпті, сыйлықтар да таратуда. Бізге көңіл бөліп жатқан жандарға алғысымды айтамын. Мереке керемет өтуде. Өте қуаныштымын», — дейді Явленка аулының тұрғыны.
Енесі концерт тамашалап жатқанда келіні сауда нүктелерін аралап қажетті заттарды алуға кіріскен.
«Құс етін, ауылдың сүт-қаймағын алуға келдім. Өйткені, оның барлығы табиғи, таза өнім ғой. Әрі денсаулыққа пайдалы. Сосын жұмыртқа сатып алдым. Бүгін алаңда ерекше мерекелік көңіл күй. Концерт дайындапты. Қарияларымызды келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Әрқашан осылай бізге ақыл-кеңестерін айтып, ортамызда жүре берсін деп тілеймін», — дейді Нұржамал Әлжанова.
68 жастағы Галина Слесарь да жәрмеңкелерге үнемі келіп, сапалы өнім алып қайтады. Қария осы жолы да май, қаймақ, сүт, жұмыртқа және аздап ет алған.
«Өнім бағасы дүкендегіден әлдеқайда арзан, әрине. Сондықтан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ылғи келуге тырысамын. Мен сияқты жалғызбасты қарияларға жақсы. Сондықтан жиі өткізіліп тұрса жақсы болар еді», — дейді зейнеткер.
Ал мына сауда нүктесінде ет өнімдері саудалануда. Кәсіпкер жәрмеңкеге деп қой, сиыр және шоқа етін алып келген. Сондай-ақ мұнда тартылған ет те бар.
«Ет жақсы сатылып жатыр. Сиыр етінің келісі – 2300, қой мен шошқа еті 2400-ден саудалануда. Ал тартылған еттің келісі – 2800 теңге тұрады. Аудан орталығында өзіміздің дүкеніміз бар. Сондықтан тұрақты сатып алушыларымыз бар», — дейді «Кехян» ЖК сатушысы Марина Власова.
Қыс жақындап қалды. Сондықтан тұрғындар арасында көкөністерге деген сұраныс артқан. Осыны ескерген Николаев ауылдық округіндегі «Тамаша» шаруа қожалығы жәрмеңкеге деп арнайы картоп, орамжапырақ және қызылша ала келген. Сауда қызу жүріп жатыр.
«600 келі орамжапырқ және сонша картоп алып келдік. Тағы 300 кг қызылша бар. Орамжапырақтың келісі – 100 теңге, ал картоп пен қызылша 120 теңгеден саудалануда. Жалпы, биыл бес гектар жерге картоп, 10 гектарға орамжапырақ ектік. Бір га аумаққа қызылша отырғызылды. Қазір барлығын жинап жатырмыз. Ал орамжапырақты алуға әлі ерте. Сондықтан оны қазанның ортасында жинай бастаймыз», — дейді «Тамаша» ШҚ жұмысшысы Дмитрий Шабунин.
Тұрғындар картоп пен орамжапырақты қаппен әкетіп жатты. Құнарлы жерде өскен көкөністерді Любовь Феин де сатып алды.
«Бүгін жәрмеңкеге келіп қысқа тұздап қою үшін орамжапырақ алдым. Құс ұстаймын. Тауықтарым бар. Соларға деп бес қап бидай сатып алдым. Қысқа сол жетіп қалады», — дейді зейнеткер.
Мал азығы да саудаланды
Жалпы, Есіл ауданының орталығында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде отын және мал азығы да саудаланды.
«Жәрмеңкеде 200 бума шөп қойылды. Бір буманың бағасы 6000 теңгеден сатылды. Сондай-ақ сатылымға 60 бума сабан шығарылды. Ал малға берілетін жемнің бір тоннасы 35-40 мың теңгенің маңайында болды. Тағы үш мың тонна ет өнімі және бес мың тонна көкөніс саудаланды. Бұдан бөлек, жәрмеңкеге қатысқан ауылдық округтер бал, сүт, жұмыртқа, балық өнімдерін әкелген. Жалпы, шараға аудандағы барлық ауылдық округтер мен кәсіпорындар қатысуда», — деді Есіл ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Ермек Түменбаев.
Жәрмеңкеге келген тұрғындардың қарасы қалың. Сауда жасап болғандар мұнда ұйымдастырылған концертті тамашалады.
«Жасым 69-да. Жалғыз тұрамын. Сондықтан бүгін орталық алаңда концерт болады дегенді естіп әдейі келдім. Бүгін ауа райы да тамаша болып тұр. Көңілім көтеріліп қалды. Ескі әндерді өнерпаздармен бірге шырқап, тіпті билеп те алдым. Осындай мереке ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылығымды білдіремін», — деді Явленка ауылының тұрғыны Надежда Муравьева.
Шараға аудан әкімі Мереке Мұхамедьяров та қатысып, қариялармен тілдесті. Оларды келе жатқан мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, дәл осындай жәрмеңке Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында бір ай бұрын ғана ұйымдастырылған болатын.
Тағы оқыңыз: Булаево қаласында жаңа аллея пайда болды