Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы «Родник» лагері балалардың алғашқы легін қабылдады. Оларды белсенді ойындар, қызықты шаралар, көңілді кештер мен жарқын эмоциялар күтіп тұр, деп жазады Qazaqstan Media.
Маусым басталар алдында лагерьде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сегіз корпустың шатыры жаңартылып, терезелері мен есіктері ауыстырылды. Мұндағы асхана заманауи техникалармен жабдықталып, балалардың жайлы тамақтануы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Енді лагерь бұрынғыдан да жайлы, заманауи және қауіпсіз бола түсті.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Мереке Мұхамедияров сөз сөйледі. Ол балаларды демалыстың басталуымен құттықтап, жазғы уақытты тиімді өткізу үшін жақсы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мұнда балалар жазды қызықты өткізіп, таланттарын ашып, шынайы достар таба алады. Бұл демалыс жарқын эмоциялар мен бақытты сәттер сыйласын. Жақсы әсер алып қайтыңыздар. Әрбір күн қуанышқа толы болсын», – деді Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров.
Биыл «Родник» лагерінде бес ауысым ұйымдастыру жоспарланып отыр. Демалыспен 512 бала қамтылады.
Мерекелік іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің көрмесі өтті. Қонақтар үшін шағын концерт пен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Балалар сурет салып, қолөнер бұйымдарын және түрлі мүсіндер жасауға тырысты. Әр бала өзі қалаған іспен айналысып, лагердегі алғашқы күнін көңілді өткізді.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК еліміздің мықты командаларымен кездеседі