Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл ауданы — елге оралған қандастар мен қоныс аударушыларға есігі айқара ашық. Олардың жаңа өмірге бейімделуіне жағдай жасалған. Сонымен қатар,  кәсіп бастауларына да қолдау бар. 2017 жылдан бері Есіл ауданына 329 отбасы қоныс аударыпты. 84-де қандас тарихи отанынан оралған, деп жазады Qazaqstan Media.

Есіл ауданы — тек жайлы өмір сүру үшін емес, үлкен мүмкіндіктер алаңы ретінде де ерекшеленеді. Қоныстанушылар мен қандастар үшін жасалып жатқан жағдайлар — еліміздегі бірлік пен әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі. Бұл жағдайды ауданған іс сапармен келген Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков бақылады. Оның  қатысуымен маңызды кездесу ұйымдастырылды.

Есіл ауданына қоныс аударған әр отбасыға жағдай жасалған
Есіл ауданына қоныс аударған әр отбасыға жағдай жасалған

«Ауданға қоныстанған қандас азаматтар да, еліміздің оңтүстігінен көшіп келген азаматтар да ауданның қоғамдық-саяси және мәдени өміріне белсене араласады. Есілдің дамуына үлес қосып отыр»,- деді іс-шара барысында аудан әкімі Мереке Мұхамедьяров.

Кездесу аясында өңірдің қоғамдық-саяси және мәдени дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қандастар қауымдастық тарапынан арнайы марапатталды. Бұл – елге оралған азаматтардың Есіл ауданындағы бірлік пен татулықты нығайту жолындағы еңбектеріне көрсетілген шынайы құрмет.

Сонымен қатар, сапар барысында қауымдастық өкілдері жергілікті қандастардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерімен танысты.

2017 жылдан бері Есіл ауданында халқы тығыз орналасқан өңірлерден азаматтарды көшіру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңде ауданға 329 қоныс аударушы отбасы мен 84 қандас отбасы қоныстанды.

Есіл ауданына қоныс аударған әр отбасыға жағдай жасалған
Есіл ауданына қоныс аударған әр отбасыға жағдай жасалған

Барлық отбасылар өңірлік қабылдау квотасына енгізіліп, тұрғын үй жалдау, сатып алу және қоныс аудару үшін жалпы сомасы 334,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидия алды.

Биыл  64 отбасы немесе 206 адам көшіп келуі жоспарланған. Бүгінде олардың ішінен үш отбасы Есіл ауданының Спасовка, Бұлақ және Петровка ауылдық округтерінде қоныстанды. Оның екеуі оңтүстік өңірлерден болса, бір үйелмен тарихи отанынан оралған қандас.

Кәсіпкерлікке қолдау

«Бастау Бизнес» жобасы аясында жеті азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтті. 2024 жылы 11 қоныс аударушы мен екі қандас жалпы сомасы 19,5 млн теңгеге тең гранттар иеленді. Грантқа ие болған жобалардың басым бөлігі – мал шаруашылығын дамытуға бағытталса, бір жоба аудан аумағында «Кофейня» ашуды көздейді.

Қолжетімді тұрғын үй – әлеуметтік тұрақтылық кепілі

2019–2021 жылдары аралығында қоныс аударушылар мен қандастарға арнап 94 тұрғын үй салынды. Оның 92-сі отбасыларға беріліп, толық қоныстандырылды. Бүгінде Николаевка ауылдық округінде орналасқан үйлерде 19 отбасы  тұрып жатыр.

Соның ішінде 2021 жылы Ираннан келген қандас азамат Газаг Наджиб Аскар өз кәсібін ашып, қайтарымсыз грант арқылы мал шаруашылығын жүргізуді сәтті қолға алған.

Есіл ауданы — әлеуметтік қолдаулар, тұрғын үймен қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізген өңір. Қоныс аударушылар мен қандастар үшін жасалып отырған мүмкіндіктер — елдегі ішкі көші-қон саясатының және бірлік пен ынтымақтастықтың нақты үлгісі.

Тағы оқыңыз: Дәрігерлер инсульт алған зейнеткерді  аман алып қалды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *