Он екі айдың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айы келіп жетті. Биыл жамағат ақпанның 19-шы жұлдызы мен наурыздың 19-ы аралығында бес парыздың бірін орындайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде облыстың бас имамы Хамзат Әділбеков Рамазан айының мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Шариғат бойынша ораза ұстау — ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, денсаулығы мүмкіндік беретін әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Науқастар, жолаушылар, жүкті және бала емізетін азаматшалар, қарттар тізімге қосылмайды.
«Бұл айда ащы судан тыйылайық. Психологтардың, ғалымдардың айтуынша, адам бір істі 20 күннен артық қайталаса, бұл әдетке айналады. Жақсылықты Рамазан айынан кейін де жасауымыз қажет», — деді спикер.
Рамазан айында оразаның кемшіліктерін толтыратын және мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында міндетті түрде Пітір садақасы беріледі. Биыл оның көлемі жан басына 735 теңге деп бекітілген. Ағымдағы жылы қасиетті Қадір түні наурыздың 17-ші жұлдызына қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт мерекесі араға 3 күн салып атап өтілмек.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға жұмыс сапарымен жалпыұлттық коалиция мүшелері келді

