Солтүстікқазақстандық Ербол Хамитов параспортшылар арасындағы шаңғы жарысынан өткен әлем кубогы кезеңінде күміс медаль иеленді. Жарыс Германияның Финстерау қаласында өтті, деп жазады Qazaqstan Media.
LW12 санатында 900 метр қашықтықтағы жарыста Ербол Хамитов тек Бразилия өкілі Кристиан Рибераға ғана жол берді. Үшінші орын қытайлық спортшы Мао Чжунға бұйырды. Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында командасына және жанкүйерлерге алғысын білдірді.
«Мұнда ең мықты спортшылар өнер көрсетті. Командамa және бүкіл Қазақстан халқына алғыс айтамын. Көк туымыз әрдайым желбірей берсін. Алға, Қазақстан!» – деп жазды Ербол Хамитов.
Бұл нәтиже XIV Қысқы Паралимпиада ойындарына дайындықтың бір бөлігі болып саналады. Алда спортшыны Польшада өтетін әлем кубогының тағы екі кезеңі күтіп тұр. Еске салайық, 11 қаңтарда Германияның Нотшрай қаласында парабиатлоннан әлем кубогының спринтерлік жарысы аяқталған болатын. Сол кезде Ербол Хамитов 7,5 шақырым қашықтықты 22 минут 9,1 секундта бағындырды. Ол ату кезеңдерінде бар болғаны екі рет қателесіп, қола медаль жеңіп алған еді.
Тағы оқыңыз: Ольшанкадағы өрттің алдын ала себебі белгілі болды

