Елімізде ауыл шаруашылығымен айналысатын, әсіресе мал ұстайтындарға арналған «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылды. Жаңашылдық пилоттық режимде қолға алынып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Осыдан бірнеше ай бұрын ауыл шаруашылығының өкілдері үшін «TortTulik» мобильді қосымшасы пайда болатыны жайлы жариялаған едік. Еске салсақ, заман игілігі әрбір серіктестік, шаруа қожалықтарының иесіне мал басын түгендеуге көмектеспек. Онымен қоса, ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақытылы әрі толық көлемде жүргізуге мүмкіндік жасайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұрын-соңды болмаған жобаның пилоттық режимде іске қосылғаны жайлы хабарлады.
«Қосымша смартфонда онлайн режимінде жұмыс істейді. Интернет болмаған жағдайда, бағдарлама желіге қосылғаннан кейін деректер жаңартылады. Бағдарлама арқылы ветеринариялық төлқұжат алуға болады және болашақта малды сатып алу-сату, жоғалтқан таңбаны ауыстыру, сондай-ақ сойғаннан кейін жануарды есептен шығару рәсімдерін жасауға болады», — делінген министрліктің хабарламасында.
«TortTulik» қосымшасын әзірге тек Playmarket-тен жүктеуге болады. Кейіннен Apple қолданшылары үшін де қолжетімді етіледі. Қазақстан бойынша 1,5 млн мал иесі мобильді қосымшаның әлеуетті пайдаланушылары болады деп күтіліп отыр.
«Қосымша жаңартылған сайын ет сатып алушыларға арналған бөлім енгізілетін болады. Қазақстандықтар «sogym.kz» қосымша бетінде тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден жануардың ветеринариялық бақылауынан өткен тұтас етіне тапсырыс бере алады», — деп таратты баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандықтың мотоциклынан екі бірдей мылтық табылды