Үкімет еліміздің су шаруашылығы саласына кадр даярлау шараларын қолға алуда. Тараз қаласында жаңадан құрылған су шаруашылығы және ирригация университеті өз жұмысын бастайды. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп жазады Qazaqstan Media.
Биыл Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған болатын.
Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет «М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін» қайта құру туралы шешім қабылдады. Оған қоса, оның негізінде екі ЖОО — «М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті» және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті («ҚазҰСШИУ» КеАҚ) құру туралы шешім қабылдады. Оқу орындары олардың жарғылық капиталдарына мемлекеттің жүз пайыз қатысуы арқылы құрылды. Осылайша, арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайтын болады.
Жаңа оқу ордасында «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» атты жаңа білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа ЖОО студенттер қабылдай алады деп жоспарланып отыр. ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы бөлінді. Білім беру цикліндегі жалпы контингент саны 4 000 білім алушыны құрайды.
Осыған дейін елімізде су ресурстарын реттеп, оны қорғайтын комитеттің құрылғаны туралы жазған болатынбыз.
Тағы оқыңыз: Есіл ауданы «Әнім де сен, жырым да сен-QYZYLJAR» облыстық байқауында грин-при жеңіп алды