1 шілдеден бастап елімізде фармацевтикалық препараттарды міндетті түрде таңбалау туралы ереже күшіне енеді. Осыған байланысты дәрі-дәрмек қымбаттайды. Себебі, фармацевтикалық бизнес иелері қымбат құрал-жабдықтарды сатып алып, жаңа мамандарды тартуға мәжбүр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақстанда 2024 жылы 1 шілдеден бастап өндірілген препараттар ғана таңбаланатын болды. Енді дәріханалар 3700-ден астам препараттың бағасын өзі белгілейді. Оған мемлекет араласпайтын болады.
Сонымен қатар темекі, интернет, автогаз қымбаттайды. Бұған дейін Ашық НҚА порталында «Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» бұйрық жобасы жариялаған еді. Министрлік бағаның өсуіне темекі өнімдерінің акциз мөлшерлемесінің 14% ұлғаюы, импортталатын шикізат пен материалдардың қымбаттауы, логистиканың едәуір күрделенуі және инфляция себеп болып отыр деп түсіндірді.
Ал автогазға келсек, энергетика министрлігі газ бағасының қымбаттауына жылдан жылға сұйытылған газ тұтынудың күрт өсуі себеп деген еді.
«Былтырдың өзінде Қазақстанда тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға өскен. Көрші елдермен салыстырғанда сұйытылған газдың ең төменгі бағасы Қазақстанда. Осыған байланысты 1 шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы өңірлерге байланысты литріне 5-тен 8 теңгеге дейін қымбаттамақ»,— деген болатын ведомствода.
Сондай-ақ, Қазақтелеком 1 шілдеден бастап кейбір мұрағаттық тарифтердің бағасы көтерілетінін хабарлады. Өзгерістер 50-ден астам тарифке әсер етеді. Мысалы, тарифтік жоспарлар бойынша 100 Мбит/с дейінгі үйдегі интернет айына 5499 теңгеге, Light PromoFTTx — айына 6499 теңгеге, Silver SM — айына 8999 теңгеге өседі.
Тағы оқыңыз: СҚО қорғаныс істері департаментінің басшысы парамен ұсталды