2024 жылдан бастап Қазақстанда бизнесті мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылады. Бұл жайында Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі, Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекеттік органдар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнесті реттеудің 44 саласына талдау жасағаны айтылды. Нәтижесінде жаңа реттеу саясатының шарттарына сәйкес келмейтін 10 108 талап анықталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында былтыр бизнесті мемлекеттік бақылаудың 35 бағытын автоматтандыру ісі аяқталып, қазіргі таңда тағы 35 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров автоматты функционалдығы бар Smart Data Ukimet платформасы пайдалануға дайын екенін айтты. Ол қазіргі уақытта жұмыс апробациясынан өтуде. Осылайша, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың автоматтандырылған жүйесі 2024 жылдан бастап іске қосылады. Премьер-Министр ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері осы жылдың 30 маусымына дейін салалық тәуекелдерді басқару жүйесінің қабылдануын қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті.
«Келесі жылдан бастап барлық тексерулер мен бақылаулар тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүзеге асырылуы үшін биыл мемлекеттік бақылауды автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтауымыз керек», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.