Елімізде 2 қыркүйектен бастап ЮНИСЕФ-пен әзірлеген халықаралық мультииндикаторлық кластерлік MICS зерттеуі басталды. Оның мақсаты- балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілішісі.
Қазақстанда MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіліп отыр. Бұған дейін ол 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген. Оның маңыздылығы мен өткізілу барысын өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте айтылды. Ол жайында Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева баяндады. Спикердің айтуынша, зерттеу арқылы әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалауға мүмкіндік туады. Оған қоса, мониторингтен өткізу, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алуға болады.
Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұрады.
«Зерттеу 2 қыркүйек пен 29 қараша аралығында жүргізіледі. Облысымыздың қалалары мен ауылдарындағы 1500-ден астам үй шаруашылығындағы әйелдер арасында сауалнама жүргізілетін болады. Зерртеуді интервьюерлер жүргізеді – олар арнайы оқытылған ұлттық статистика бюросы департаменттің қызметкерлері. Интервьюерлер Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі», — деді Жұлдыз Нұрғалиева.
MICS 2024 аясында бес негізгі сауалнама парақтары болады: үй шаруашылығының сауалнамасы, әйелдерге, ерлерге және бес жасқа дейінгі балалар мен бес жастан он жеті жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама. Барлық сауалнама бейінді мемлекеттік органмен келісілген және қажетті келісуден өткен.
«Сауалнамаға қатысу ерікті түрде өтетініне, алынған ақпарат анонимдігі қатаң сақталатынына және оның тек статистикалық мақсаттарда пайдаланылатынына назар аударғымыз келеді. Сондықтан интревьюерлеріміз баратын үй шаруашылықтарын осы зерттеуге түсіністікпен қарауға шақырамыз. Респонденттер кез келген сұраққа жауап беруден бас тарта алады немесе кез келген уақытта сұхбатты тоқтата алады», — деп толықтырды спикер.
Барлық туындаған сұрақ бойынша жұмыс күндері бюроның сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Аталған зерттеу қорытындысы бойынша есеп Ұлттық статистика бюросының және ЮНИСЕФ сайтында жарияланады.
Тағы оқыңыз:Петропавлда екі күн су болмайды