Бүгіннен бастап Қазақстанда автолизингтің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жылдық шекті мөлшерлемені бұрынғы 45%-дан 36%-ке дейін төмендетті, деп хабарлайды Qazaqstan Media. 

Министрліктің мәліметінше, автолизинг — автонесиеден өзгеше формат. Көлік алғашқы жарнасыз, несиесіз, бірақ ұзақ мерзімге жалға беріледі. Келісімшарт аяқталған соң тұтынушыда екі таңдау бар:
— көлікті лизинг компаниясына қайта тапсыру;
— немесе қалған қарызын толық өтеп, көлікті сатып алу.

Бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша енгізіліп отыр. Жаңа жүйе тек салоннан шыққан жаңа көліктерге қолданылады. Қолданылған автокөліктер бағдарламаға кірмейді. Сонымен бірге бұл — мемлекеттік субсидияланатын жоба емес, нарықтық коммерциялық өнім.

Лизингтің негізгі ерекшелігі — көлік барлық төлемдер аяқталғанға дейін лизинг компаниясының меншігінде болады. Ал тұтынушы көлікті пайдаланғанымен, оған қатысты барлық тәуекелдер үшін жауапты. Яғни, көлік зақымданса, ұрланса немесе жойылса — шығынды өзі өтейді. Сол себепті клиенттер міндетті түрде сақтандыру рәсімдеуі тиіс.

Шарт талаптарына сәйкес, төлем екі айдан артық кешіксе, лизинг компаниясы көлікті қайтарып алуға құқылы.

Жаңа автолизинг қазақстандықтарға көлік алу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Министрлік мәліметінше, бұл тетік нарықтағы бәсекені де күшейтеді деп күтілуде.

Тағы оқыңыз: Қарулы күштерде жаңа оқу жылы басталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *