Елімізде аквашаруашылық саласын дамытуға қатысты заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, ащы-тұзды су айдындары биылдан бастап тек конкурс негізінде ғана инвесторларға ұсынылатын болады. Бұл туралы ҚР ауыл шарушалығы министрі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
«Аквашаруашылық туралы» Заңның 11-бабына сәйкес, халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындары белгілі бір талаптарды орындаған инвесторларға конкурссыз берілуі мүмкін.
«Учаскелерді беру инвесторға нақты қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Жобаның бизнес-жоспары мен жұмыс бағдарламасы, расталған жеке қаржы көздері болуы керек. Салықтық берешектің және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек пен орындалмаған шарттық міндеттемелер болмауы қажет. Маңызды жайт – жоба тек инвестордың жеке қаражаты есебінен іске асырылады және қайтарымсыз мемлекеттік қаржылай көмек қарастырылмаған»,- деп жазылған АШМ хабарламасында.
Ащы-тұзды су айдындары бұл санатқа енбейді. Жаңа талап бойынша, мұндай су көздеріне қол жеткізу үшін инвесторлар бейінді ғылыми ұйымдармен расталған артемия цисталарын терең өңдеу технологияларын ұсынуы қажет.
«Заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты, Солтүстік Қазақстан облысындағы Теке көлі сияқты ащы-тұзды су айдындары конкурссыз бекітіп беруге жатпайды. Аталған Заңның 40-бабына енгізілген түзетулерге сәйкес, 2025 жылдан бастап мұндай су айдындары тек конкурс арқылы ғана берілетін болады»,- делінген министрлік сайтында.
Бұл өзгерістер табиғи ресурстарды тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз пайдалану мақсатында енгізіліп отыр. Сонымен қатар, заңнамалық жаңашылдықтар балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды да нақтылайды. Олардың қатарында бизнес-жоспардың болуы, салықтық және әлеуметтік берешектің жоқтығы, сондай-ақ өндірістік нысандарды салу міндеттемесі бар.
Мемлекет тарапынан аквашаруашылықты қолдау жалғасуда. Атап айтқанда, инвестициялардың 25%-ы субсидияланады, ал балық жемі мен шабақ сатып алуға кеткен шығындардың бір бөлігі өтеледі.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның екі ауданында әкім болған Ерболат Бекшенов жаңа қызметке тағайындалды