Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары алғаш рет белгіленген мерзімде аяқталды. Ол мемлекеттік қолдаудың, диқандар мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды. Бұл туралы үкіметтің ресми сайтында жазылған, деп хабарлады Qazaqstan Media.
2025 жылғы егіс науқаны елімізде егіншілікке деген жаңа көзқарас жағдайында өтті. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға және монодақылдарға тәуелділікті азайтуға басымдық берілуі. Алтыншы маусымдағы жағдай бойынша жоспарланған көлемнің 100%-ы – 23,7 млн гектар алқап егілді.
«Егіс алқаптарын неғұрлым тиімді әрі тұрақты дақылдарға қайта бөлуге ерекше назар аударылды. Бұл ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеуге ғана емес, сонымен қатар ғылыми негізделген ауыспалы егіс талаптарын сақтай отырып, нарықтық үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде сұранысқа ие дақылдардың көлемі артты. Майлы дақылдар былтырғыдан 0,5 млн гектарға артық егілді. Мал азығы дақылдары – 3,3 млн гектар (+114 мың гектар), дәндік жүгері – 167,5 мың, көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектар», — деп хабарлады ҚР үкіметі.
Әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемі де артуда: картоп алқабы 83,4 мың гектарға жетіп, өткен маусыммен салыстырғанда 11,3 мың гектарға көбейді. Сонымен қатар ресурсты көп қажет ететін әрі баға өзгерісіне бейім дақылдардың – бидай, күріш, мақта – егіс көлемі қысқарған. Мысалы, бидай алқабы 13 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғыдан 187 мың гектарға кем. Осылайша, егісті әртараптандыру стратегиясы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамытуға серпін беруде.
Тағы оқыңыз: Telegram арқылы қазақстандықтардың деректерін сатқан: 140-тан астам адам ұсталды