Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы — адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жаппай вакциналау басталды. Оның аясында 11 жасқа толған қыздар вакцина алуы керек, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тиісті қаулыға бір күн бұрын Қазақстанның бас санитария дәрігері қол қойды. Сондай-ақ, 12 мен 13 жас аралығындағы қыздарды қоса алғанда, қайталама иммундау жүргізіледі.
«Солтүстік Қазақстан облысында 3638 қыз бала вакцинациядан өтуі тиіс. Екпенің 7276 дозасын бірыңғай дистрибьютор СК – Фармация сатып алуды жүргізеді. СК Фармацияның мәліметі бойынша вакцинаны Америкадан жеткізу жоспарланған», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау бақармасы.
Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында ең көп таралған екінші қатерлі ісік. 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің екінші себебі болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясы екенін дәлелдеді.
«Қыздарды қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қорғау үшін вакцинация қажет. Қазақстанда қолданылатын АПВ-ға қарсы вакцина өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелдеген. Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ таралуы бүгінге дейін 90 пайызға төмендеген», — деп мәлімдеп отыр денсаулық сақтау министрлігі.
Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.
Сонымен қатар, Қазақстанда 15-шы қыркүйектен тұмауға қарсы екпе басталды. Оның аясында жалпы облыста 60 мың адамға тегін негізде екпе егу жоспарлануда. Айта кетейік, тәуекел тобына медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар мен сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлеріндегі адамдар кіреді. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша (2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар және т. б) өзге де тәуекел тобындағы тұрғындар тіркелген жері бойынша емханада екпе алатын болады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда өрттен зардап шеккен ер адам, жансақтау бөлімінде жатыр