Қазақстанда су тарифі қайта өзгертілмек. Алдағы уақытта тіршілік нәрін шамадан тыс қолданған азаматтар шығынды жоғары тарифпен төлейді. Одан бөлек қарапайым халық үшін ауыз су бағасы заңды тұлғалар мен ұйымдар төлейтін ақшамен бірдей болады. Бірақ бұл тәртіп бастапқыда еліміздің бірнеше өңірінде ғана іске асырылмақ. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, жалпыға бірдей тариф алдағы бірнеше жылда республиканың барлық аймағына енгізіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ауыз судың жалпы халыққа да, заңды тұлғалар мен ұйымдарға да бірдей жаңа тарифі 2026 жылға дейін тек Ақмола мен Түркістан облыстарында енгізіледі. Бұл өңірлердің бірінде кәріз жүйесін пайдалану ақысы да белгілі бір бағаға өседі. Ал қалған аймақтар жаңа тарифке 2028 жылға қарай ауысады деп жоспарланған.
“Әр өңірде орташа тариф, халық үшін, бюджет және өзге де түрге сараланады тарифтер. Енді сараланған тарифтер алып тасталады. Ұлттық экономика министрлігі тарапынан, жалпыұлттық жоспардың 3-тармағын орындау барысында субсидияланған топтарды бірыңғай тарифке енгізу бойынша кесте құрылған”, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басқарма басшысы Рустам Құнанбаев.
Сондай-ақ үнемдеу үшін енді айына 3 текше метр су тұтынатындар белгіленген бағада, ал 5 куб метрге дейін пайдаланатындар 20%, 10-ға дейін жеткізетіндер 50%, 10 текше метрден артық жұмсайтындар 100% артық төлейді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қосымша ақша тозығы жеткен ауыз су желілері мен кәріз жүйелерін жаңартуға жұмсалады.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің хабарлауынша, бүгінде халықтың шамамен тең жартысы айына 3 текше метр су тұтынады. Дегенмен тірішілік нәрін одан да асырып, үнемсіз жұмсайтындар қатары аз емес. Мұны тұрғындар да жоққа шығармады.
Дерекке сүйенсек, Қазақстан қазір ауыз су тарифінің арзандығы бойынша 90 елдің ішінен 3-орында тұр. Ал бір адамға кететін шығыны бойынша алғашқы ондықта. Мамандардың пайымынша, тіршілік нәрін үнемдеу мәселесі назарға алынбаса, 2030 жылға қарай елдегі су тапшылығының көрсеткіші 15% жетуі мүмкін.
Тағы оқыңыз:СҚО-да жазғы ат жарысы маусымы ашылды