Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігі жеке емшара кабинеттеріне жүргізіп жатқан тексеріс нәтижесінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Мониторингтік топтардың мәліметінше, республика бойынша 406 нысан қажетті лицензияларсыз немесе тиісті талаптарды сақтамай жұмыс істеген, деп жазады Qazaqstan Media.
Түсіндіру жұмыстарынан кейін жеке емшара кабинеттерінің 247-сі өз еркімен қызметін тоқтатты.
Министрлік атап өткендей, емшара кабинеттері санитариялық қағидаларға сәйкес эпидемиологиялық маңызы жоғары нысандар санатына жатады. Сондықтан олар денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын барлық талаптарды толық орындауға міндетті. Медбикелер немесе фельдшерлер инвазивті медициналық араласуды тек тиісті лицензия болған жағдайда ғана жүргізе алады. Бұл ереже рұқсатсыз көрсетілетін қауіпті қызметтердің алдын алу мақсатында енгізілген.
Бүгінгі күнге дейін 84 емшара кабинеті жоспардан тыс тексерілді. Тексеру қорытындысында мынадай бұзушылықтар анықталды:
-
медициналық қызметті лицензиясыз көрсету;
-
санитариялық талаптардың сақталмауы;
-
дәрілік заттарды дұрыс сақтамау;
-
маманның біліктілігінің болмауы;
-
жедел көмек көрсетуге қажетті міндетті жиынтықтың жоқтығы.
Осы құқықбұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 15 млн теңгеден астам қаржыға 122 әкімшілік хаттама толтырылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мониторинг пен бақылау жұмыстары жалғаса береді.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында орақ науқаны аяқталды

