Жамбыл ауданында әкімдік отырысы өтті. Алқалы жиында Президент Жолдауында айтылған міндеттердің жүзеге асырылуы талқыланды. Қатысушылар экономика дамуы, агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу, медицинаны жаңғырту және әлеуметтік мәселелер жөнінде сөз қозғады. Басқосуда инвестициялық жобаларға, кәсіпкерлікті қолдауға және жасанды интеллектіні енгізуге де ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жамбыл ауданының әкімдігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған негізгі міндеттердің орындалуын кеңінен талқылады. Негізгі назар цифрландыру, инвестициялар тарту, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және денсаулық сақтау салаларын дамытуға аударылды.

«Салалық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беруіміз қажет. Әркім өз деңгейінде ортақ мақсаттарға жұмыс істеуі аса маңызды. Халықпен ұдайы түрде кездесу қажет. Тек осылай ғана стратегиялық міндеттерді тиімді жүзеге асырып, Жамбыл ауданының тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз», – деді Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мынадай стратегиялық бағыттарды айқындады: тұрақты экономиканы қалыптастыру, импортқа тәуелділікті азайту, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту, инфляциямен күрес және кәсіпкерлікті қолдау. Биылғы Жамбыл ауданында экономикалық көрсеткіштердің өсімі байқалды. Инвестиция көлемі 182%-ға, құрылыс жұмыстары 101%-ға артты.
Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ауданда жыл басынан 581 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың жартысынан астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыссыздық деңгейін 1,7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
«Қазіргі уақытта ауданда маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Пресновка ауылында 400 бас малға арналған сүт-тауар фермасының салынып, астық қабылдау кәсіпорындары жаңғыртылуда. Бұл бастамалар өңірдің негізгі саласы болып саналатын агроөнеркәсіптік кешенді нығайтады. Жеті айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 6 млрд теңгеге жуықтады. Ет өндірісі 5,4%-ға, сүт – 5,6%-ға, жұмыртқа – шамамен 2%-ға өсті», – деді аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Ғалия Қожанова.
Алдағы уақытта ауданда өңдеу өнеркәсібін және азық-түлік өндірісін кеңейтуге басымдық берілмек. Саланы цифрландыруға да ерекше назар аударылады. Мысалы, «Агротехника Жамбыл» серіктестігінің сүт фермасында «Параллель» жүйесі қолданылуда. Бұл жүйе сауу процесін автоматтандырып, сүт сапасын бақылайды. Малдардың денсаулығын арнайы электронды білезіктер арқылы қадағалайды.
Аудандағы шаруашылықтарда «CLAAS »және «John Deere» компанияларының жасанды интеллект жүйелерімен жабдықталған жаңа комбайндары жұмыс істейді. Олар жұмыс параметрлерін дақыл мен алқап жағдайына қарай автоматты түрде реттейді, жанармайды үнемдеп, өнім шығынын азайтады. Сонымен қатар, бұл техника деректерді цифрлық түрде жинап, талдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта «Шатило и К» серіктестігінде салынып жатқан астық қабылдау кәсіпорны температура, ылғалдылық және сақтау мерзімдерін бақылауға арналған цифрлық жүйелермен жабдықталатын болады.
Агроөнеркәсіптен бөлек, ауданда медицина да қарқынды дамуда. Соңғы жылдары Жамбыл ауданында жаңа медициналық пункттер ашылды. 2023 жылы 93 млн теңгеге емханаға күрделі жөндеуі жүргізілді. Биыл 75 млн теңгеге стационардың желдету жүйесі мен 20 млн теңгеге жылыту жүйесі жөнделуде.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 57 жастағы әйел дихлофостан уланып қалды