Мемлекет басшысы құтқарушыларды төл мерекелерімен құттықтады. Бірқатар мамандарға мемлекеттік наградалар берді. Олардың қатарында екі солтүстікқазақстандық маманда бар, деп жазады QM.

Мемлекет басшысы бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Конституциямыздың алғашқы бабында «Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы» екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі және азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етуде. Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – әрине, өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент соңғы жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін  де айтты.

«Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет азаматтық қорғау саласын күшейте түсуге баса мән беретінін айтты. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртудың кешенді жұмыстары жалғасып, құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Ақордадағы салтанатты жиында Президент кәсіби мереке иелерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Оның ішінде Солтүстік Қазақстаннан екі маман бар. 

Екі солтүстікқазақстандық құтқарушы президент қолынан марапат алды
Екі солтүстікқазақстандық құтқарушы президент қолынан марапат алды

 

Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қызылжар ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мергасимов Әзімхан Айдарханұлы  марапатталды. Ал, Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі Көбетаев Руслан Рүстемұлы Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды.  

Тағы оқыңыз: СҚО әкімі Жамбыл ауданында өлкетану музейін ашуды тапсырды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *