Ақмола облысында криминалдық полиция қызметкерлері Көкшетау тұрғынының пәтерін тонады деген күдікпен екі азаматты ұстады. Олар Петропавл қаласының тұрғындары болып шықты. Полицейлердің айтуынша, оларды бірнеше сағат ішінде қолға түсірген, деп жазады Qazaqstan Media.
sinegor.kz ақпаратына сенсек, оқиға 30 қарашаға қараған түні болған. Кезекші бөлімге жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз адамдар оның пәтеріне кіріп, ішінде 900 мың теңгеден астам қаржысы бар әйел сөмкесін алып кеткенін айтқан.
Алдын ала болжам бойынша, ұрылар түнде подъездерді аралап, есіктердің қайсысы құлыпталмай тұрғанын тексеріп жүрген. Осылайша, есігі ашық қалған пәтерді тауып алады. Үй иелері ұйықтап жатқанда қылмыскерлер елеусіз ішке кіріп, бірінші кезіккен құнды затты алып, дереу қашып кеткен.
Ұйқыдан оянып, ұрлықты байқаған пәтер иесі күдіктілерді өзі қуып жетуге тырысқанымен, нәтиже болмады. Кейін бірден полицияға жүгінген.
Тәртіп сақшылары бірден іздеуге кірісіп, тұрғындардан жауап алып, бейнебақылау камераларын қарап, күдіктілердің қозғалыс бағытын анықтады. Бірнеше сағат ішінде полицейлер бұған дейін де осындай қылмыстар үшін сотталған Петропавлдың екі тұрғынын қолға түсірді.
Полицияның мәліметінше, олар Көкшетауға арнайы ұрлық пен тонау жасауды мақсат етіп келген. Қазір күдіктілердің қала мен облыстағы басқа оқиғаларға қатысы тексеріліп жатыр.
Қылмыс фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданы тұрғындарының 60 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған

