Құрылысшылар күні мерекесін Шал ақын ауданының тұрғыны Битабар Темірзақ та атап өтуде. Талай жыл аталмыш салада еңбек етіп жүрген жерлесіміз, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Шал ақын ауданының тұрғыны Битабар Темірзақтың құрылыс саласында еңбек етіп жүргеніне 30 жыл болған. Азамат 2019 жылы Түркістан облысынан теріскейге қоныс аударған. Содан осы жақта пеноблок шығаратын цех ашып, бүгіндері өз ісін дөңгелетіп отыр.
«Саланы жетік меңгердім дей аламын. Өзге өңірден келсем де, ауданда кәсіп аштым. Қазір қарамағымда 14 адам жұмыс істейді. Шал ақын ауданына көшкенге дейін де осы кәсіппен айналысқан едім. Мына жаққа келіп, іс бастау қиындық туғызған жоқ»,- дейді Битабар Темірзақ.
Пеноблок цехы қазір ауданда сәтті жұмыс істеп тұр. Құрылыс алаңдары көбейгендіктен, отандық өнімге сұраныс бар.
Битабар Темірзақ көмегі мен кеңесін өзгелерден аяған емес. Бастысы — сапалы қызмет көрсету, дейді маман.
«Өзге өңірде жұмыс істеп келгендіктен, ол жақтан да хабарласып кеңес сұрайтындар бар. Клиенттерім көп деуге болады. Бастысы сапалы қызмет, сапалы өнім шығару. Құрылыс саласы ол әрдайым сұраныста. Жыл сайын жанданып келеді. Еңбек етемін деген адам өңір, жер, мезгіл таңдамайды»,- деп өз ойымен бөлісті тұрғын.
Түркістан облысынан көшіп келген кәсіпкер, ісін одан әрі ұлғайтуды мақсат еткен.
Тағы оқыңыз: Алтынсары Жалмахин: Адал еңбектің наны тәтті