Есіл ауданында еңбек адамының еңбегі лайықты бағаланды. «Прометей-Агро» ЖШС-нің басшысы Юрий Шоль механизатор Жанат Бисимбаевқа салтанатты түрде жаңа Chery Tiggo 2 Pro автокөлігінің кілтін табыстады. Бұл — адал еңбек еткен ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне деген ерекше құрметтің көрінісі, деп жазады Qazaqstan Media.
«Прометей-Агро» ЖШС — Солтүстік Қазақстан облысындағы табысты әрі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары шаруашылықтардың бірі. Мұнда дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 45 центнерге жетіп, аудан бойынша ең жоғары көрсеткіштердің қатарынан орын алып отыр. Бұл жетістік — ұжымның ұйымшылдығы мен басшылықтың тиімді еңбегінің нәтижесі.
Кәсіпорын директоры Юрий Шоль — «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. Оның еңбегі аудан мен Заградовка ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі арқылы бағаланып отыр.
Шаруашылықтың басты құндылығы — өз ісіне адал қызметкерлер. Солардың ішінде ұзақ жылдық еңбегімен дараланған Бисимбаевтар әулеті ерекше аталады. Механизатор Жанат Бисимбаев «Еңбек даңқы» ІІІ дәрежелі орденінің иегері, ауыл еңбекшілерінің нағыз үлгісі саналады.
Жаңа жыл қарсаңында және Жұмысшы мамандықтар жылының аяқталуына орай кәсіпорын ұжымы кәсіби адалдығы мен еңбектегі жетістіктері үшін марапатталды. Білікті механизатор жаңа кроссоверге ие болса, бірқатар еңбеккерлерге мотоциклдер, скутерлер және электровелосипедтер сыйға берілді.
Бұл игі қадам — еңбек адамдарын қолдаудың, олардың қоғамдағы мәртебесін арттырудың, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін мамандардың еңбегін насихаттаудың жарқын үлгісі болды.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда жаңа 500 теңгелік банкнот айналымға енгізілді

