Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірді деп айыпталып отырған үш адамға қатысты сот отырысы жалғасуда. Кезекті процессте мемлекеттік айыптаушы оқиғаның қалай болғандығын айтып берді. Ал марқұмдардың қызы ата-анасы мен бауырын өлтіргендерді қатаң жазалауды сұрайды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Сот отырысы басталысымен-ақ қылмыс жасады деп айыпталып отырған Сергей Емельянов өзінің адвокатынан бас тартты. Оның орнын туған інісі алмастырды. Ол қоғамдық қорғаушы ретінде процесске қатысады.
Кейін мемлекеттік айыптаушы оқиғаның қалай болғандығын айтып берді. Қылмыс жасады деген күдікке ілінген Ирина Скоробогатова мен қайтыс болған Приходченколар бұрыннан таныс екен. Олардың жерлеу рәсімдерін ұйымдастырумен айналысатын бизнестері болған. Ал 2023 жылы бәсекелес қос компания тендерге қатысып, «Приходченко» ЖК жеңіске жетеді. Тиісінше, тапсырыстар көбейіп, кәсіпкердің табысы артқан. Бұл әрине, бизнесменнің бәсекелестеріне ұнамайды.
Бұл екеуі аталған салада бұрыннан жүрсе, айыпталушылардың тағы бірі Сергей Емельянов осы бизнеске жақында ғана келген. Ол «Петро-Спецобслуживание» ЖШС тапсырыстар алып отырған. Ал аталған компания директорының орынбасары болып Ирина Скоробогатова жұмыс істейді. Сөйтіп, көп ұзамай іскерлік қарым-қатынас махаббатқа ұласып, олар бірге тұра бастайды.
«Сол уақыттан бастап Ирина Скоробогатова сүйіктісі Емельяновқа бизнестегі басты бәсекелесі Приходченколар туралы айта бастайды. Олардың көзін құртсақ, табысқа кенелеміз деген ойлар да айтылады. Ал 2023 жылдың желтоқсан айында екеуі ерлі-зайыпты Приходченколарды өлтіру үшін жоспар құрады. Сергей Емельянов жалғыз өзі бұл істі тындыра алмайтынын түсініп, қасына жұмысшысы Данил Орловты ертіп алады. Бірақ оған қандай іске бара жатқандығын айтпаған. Сөйтіп, екеуі Жұмысшы кентіндегі Приходченколардың үйіне келеді. Осы кезде олардың көлікке отырып, кетіп бара жатқандығын көрген. Бірақ Емельянов пен Орлов кетуге асықпайды. Керісінше, ерлі-зайыптыларды үйінде күтпек болып, көрші үйдің қоршауынан секіріп аулаға кіреді», — деді мемлекеттік айыптаушы Залина Линкевич.
Кейін олар баспанаға кірген. Ал осы уақытта үйде 17 жасар Юрий Приходченко болған. Мұндайды күтпеген Сергей Емельянов көп ойланбастан оны бірнеше рет басынан ұрған. Алған соққылардан жасөспірім жерге құлап, есінен танып қалады. Кейін Орлов пен Емельянов Юрий Приходченконың басы, қолын байлап тастаған. Ал ол есін жиғанда бағалы заттардың қайда жатқандығын сұрайды. Өз өмірі үшін қорыққан жасөспірім оларға үйде алтын бұйымдардың қайда жатқандығын айтқан. Сөйтіп, әлгі екеу 1 млн 835 мың теңгенің әшекей бұйымдарын қолды еткен. Бұдан бөлек, 52900 теңгені ұрлаған.
«Осы кезде Вадим мен Юлия Приходченколар келген. Ең алдымен үйге отағасы кіріп, баласының байлаулы жатқандығын көріп, оның қасына барып көмектеспек болады. Осы кезде оған Емельянов пен Орлов тап беріп, қолдарына түскен белгісіз затпен оны басынан ұра бастайды. Сол сәтте Юлия Приходченко да бөлмеге кіріп қалады. Айыпталуышлар келіншекті де ұрып, есінен тандырған. Ал кейін Емельянов пен Орлов ас бөлмеден алған пышақпен үшеуін де пышақтап тастаған», — деді облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Залина Линкевич.
Алған жарақаттардан ерлі-зайыпты мен олардың 17 жасар ұлы бірден көз жұмған. Ал Емельянов пен Орлов Юлия Приходченконың сөмкесіндегі ақшаны алып, киімдерін ауыстырып, үйден шығып кеткен. Кейін Сергей Емельянов Ирина Скоробогатованың үйіне келіп жағдайды баяндайды.
Осылайша, Сергей Емельянов пен Данил Орлов ҚР ҚК екі бабы бойынша айыпталып отыр. Ол – қарақшылық және адам өлтіру. Ал Ирина Скоробогатова ҚР ҚК 28-бабының 4-бөлігі және ҚР ҚК 99-бабының 2-тармағында көзделген қылмыс жасады деп айыпталуда.
Кісі қолынан қайтыс болған Приходченколардың бүгіндері жалғыз қызы ғана қалған. Ол қайғылы оқиға болған кезде Ресейде жүрген. Қаралы хабарды оған әжесі жеткізіпті.
Сот отырысына қатысқан Татьяна Приходченко ата-анасы мен інісін өлтіргендерді қатаң жазалауды сұрап отыр.
«Ата-анам мен үшін ең жақсы адамдар болды. Ал інім тіптен жас. Әлі кәмелет жасына да толған жоқ. Иә, әкем бұл бизнестің қаншалықты қиын, әрі қауіпті екендігін айтып отыратын. Тіпті, оны біреулердің қорқытқаны да есімде. Бірақ мұндай болады деп ойлаған да жоқпын. Мен жақындарымның өліміне кінәлілерге ең қатаң жаза қолдануды сұраймын», — деді көз жасын тия алмаған Татьяна Приходченко.
Сотта Ирина Скоробогатова Приходченколардың қызы Татьянаға көңіл айтып, өзінің қылмысқа еш қатысы жоқ екендігін жеткізді. Ал Емельянов пен Орлов кей баптар бойынша тағылған айыптарға келіспей отыр.
Айта кетейік, алғашқы сот отырысында айыпталушылардың адвокаттары судьяны ауыстыруды сұрап, журналистердің процесске қатысуына қарсылығын білдірді. Алайда олардың бұл талабы қанағаттандырылмады.
Тағы оқыңыз: Ресейге кері қайтарылған: СҚО-да ветеринариялық бақылау пунктері 58 құқық бұзушылықты анықтады