Жаңа жыл мерекесі өңір медицинасы үшін қарбаласпен басталды. 31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында Көпбейінді қалалық жедел медициналық көмек ауруханасына жарақат алып, 300 адам жүгінген. Оның 10-ы шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дәрігерлердің айтуынша, жарақаттардың дені күнделікті тұрмыста және көшеде алынған. Мереке күндері үй жағдайында жарақат алған 140 адам, ал көшеде түрлі жағдайға тап болған 151 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Өндірісте бір адам жарақат алса, алты тұрғын спорттық жарақатпен жеткізілген. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары салдарынан екі адам тіркелді.
Жарақат түрлері бойынша да ауыр жағдайлар аз болмаған. 86 науқастан сүйек сынуы анықталса, көпшілігі соғылу жарақатымен келген. Тоғыз адам күйік шалып түскен. Ал бес тұрғынды жануарлар тістеп алған.
Мереке күндері жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны да күн сайын арта түсті. Егер 31 желтоқсанда облыс бойынша 391 шақырту орындалса, 1 қаңтарда – 406, 2 қаңтарда – 417, 3 қаңтарда – 430, ал 4 қаңтарда 454 шақырту тіркелген. Жалпы алғанда, демалыс күндері екі мыңнан аса жедел жәрдем шақыртуы орындалған. Бұл — әдеттегі күндермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Тағы оқыңыз: Тоқаев: Реформалар жауапкершілігін мойныма аламын, болашақта да дайынмын

