«Қызылжар» футбол клубының жағдайы мәз емес. Бұл ойынға да, клуб ішіндегі ахуалға да, және қаржыға да қатысты болып отыр. Соңғысына келер болсақ, Петропавлда футболға бөлінген бюджеттік қаражатты иемденіп, өз пайдасына жұмсады деген айыппен клубтың бас есепшісі сот алдында жауап беріп жатыр. Ол — зейнет жасындағы Ольга Замелацкая. QM тілшілері футбол клубының қаражатын талан-таражға салу ісі бойынша сот отырысына қатысып қайтты.

Облыстағы спорт қауымдастығын дүр сілкіндірген жанжал өткен жылдың қараша айында басталды. Сол кезде облыс прокурорлары «Қызылжар» футбол клубының лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР ҚК 189-бабы — «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Алайда, қазіргі уақытта сотта тек 62 жастағы Ольга Замелацкая ғана айыпталып, жауап беріп отыр.

Сотталушы әйел клубқа 2006 жылы жұмысқа орналасқан. Ал 2023 жылдың қаңтарында клубтың бұрынғы президенті Григорий Лория оны бас есепші етіп тағайындаған. Барлық материалдық жауапкершілік оның мойнына жүктеліпті. Тіпті электрондық цифрлық қолтаңбасын сеніп тапсырып, интернет-банкинг жүргізуге рұқсат берген. Осылайша, клубтағы барлық қаржылық операциялар Лория мен Замелацкаяның бақылауында болған.

Даудан басы арылмай жүрген «Қызылжар» ФК экс басқарушыларына қатысты сот жалғасып жатыр
Даудан басы арылмай жүрген «Қызылжар» ФК экс басқарушыларына қатысты сот жалғасып жатыр

Ақшаның иесі кім?

Жалпы, футболшыларға бөлінетін қаражат сомасы жұртқа белгілі. Мысалы, 2023 жылы Дене шынықтыру және спорт басқармасы чемпионаттарға дайындалуға және клубтың басқа да қажеттіліктеріне 1,7 млрд теңге бөлген. Бұл қаражатты игерумен Лория мен Замелацкая айналысқан. Тергеу мәліметтері бойынша, олар келісімшарттар, ойыншылармен қосымша келісімдер және сыйақы алу үшін жалған құжаттар жасаған.

«Лория барлығына қамқорлық жасап отырған. Олар тапсырыс берушіге ойыншылардың нақты санын, жаттықтырушы құрам мен жұмысшылар санын жоғарылатып көрсеткен. Іссапарларға кеткен шығындар туралы да жалған мәлімет берген», — делінген айыптау актісінде.

Сот ісінде клубтың әкімшісі Виктор Ставскийдің де есімі аталады. Оқу-жаттығу жиыны кезінде Замелацкая клуб шотынан 67,5 млн теңге шешіп алған. Ол бұл әрекетін жасыру үшін Ставскийден 20 таза бланк пен бір кассалық тапсырысқа қол қоюды сұраған. Кейін оларды өзі толтырған.

Сондай-ақ бас есепші футболшылардың әр жеңісі мен тең ойыны үшін де өзіне сыйақы жазып, алып отырған.

«Замелацкая 2023 жылдың наурыз айында Президент Лорияның атынан өзін және әріптесі — есепші Цветкованы марапаттау туралы бұйрық шығарады. Жеңіске жеткен жағдайда олар 100 мың теңгеден, тең түскені үшін — 50 мың теңгеден сыйақы алып отырған», — делінген іс материалдарында.

Осылайша, 2023 жылы олар барлығы төрт миллион теңге көлемінде сыйақы алған. Клуб қаржысына қатысты тағы бір заңбұзушылық — салық төлеу мәселесі. Тергеу барысында 2021–2023 жылдары Ольга Замелацкая қызметкерлердің айлығын салық органдарында төмендетіп көрсеткені анықталған. Мысалы, 2021 жылдың соңғы тоқсанында қызметкерлер 191 млн теңге жалақы алды деп жазылған. Ал шын мәнінде оларға 337 млн теңге төленген. Осылайша, мемлекетке келген салық залалы — 24 млн теңге.

Даудан басы арылмай жүрген «Қызылжар» ФК экс басқарушыларына қатысты сот жалғасып жатыр
Даудан басы арылмай жүрген «Қызылжар» ФК экс басқарушыларына қатысты сот жалғасып жатыр

Лорияның мүлкі…

Сотта Ольга Замелацкая өз кінәсін мойындамады. Ал оның қорғаушысы Қабдұлхамет Ескендіров сотқа Георгий Лорияның мүлкіне де тыйым салу туралы өтініш берді. Оның айтуынша, «Қызылжар» ФК-нің экс-президентінің Астана қаласында алты жылжымайтын мүлкі бар. Олар іске тіркелген. Бағалары мен көлемдері әртүрлі бұл нысандарға тыйым салынса, бюджетке келген шығын толық өтелуі мүмкін. Мүліктердің жалпы құны — 260 млн теңгеден асады.

Айта кету керек, Лорияға қатысты іс бөлек азаматтық өндіріске алынған. Сонымен қатар, айыпталушы тараптың адвокатының өтініші бойынша клубтың заңгері Кацюба сотқа қатыспайтын болды. Себебі ол аудиторлық тексеріс кезінде маман ретінде қатысқан. Ал клубтың қазіргі президенті Панин мырза уақыттың тығыздығына байланысты сотқа келе алмайтынын хабарлаған. Сондықтан келесі сот отырысында клубтың мүддесін басқа өкіл қорғайтын болады.

Тағы оқыңыз:Үй де, ақша да жоқ: Петропавл тұрғыны алаяқтардың құрбаны болды

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *