Көпбейінді қалалық ауруханасының дәрігерлері 67 жастағы ер адамды ажалдан арашалап алып қалды. Ол медициналық ұйымға инсульт белгілерімен жеткізілген. Дәрігерлер бірден ота жасап, оның өмірін сақтап қалды, деп жазады Qazaqstan Media.
Аурухағана жеткізілген кезде зейнеткер оң қолы мен аяғының әлсіздігіне, жансыздануына, сөйлеудің бұзылуына және қозғалған кезде дірілдейтініне шағымданған.
«Қабылдау бөлімінде науқасты дереу невролог тексеріп, шұғыл түрде мидың компьютерлік томографиясы жасалды. Зерттеу нәтижесінде инсульт диагнозы расталып, пациент жедел түрде инсульт бөлімшесіне жатқызылды. Сол мезетте нейрохирург шақыртылып, шұғыл медициналық көмек көрсетілді»,-деп нақтылады аурухана мамандары.
Дәрігерлер қосымша тексеру жұмыстарын жүргізіп, заманауи эндоваскулярлық операция жасады. Арнайы процедура барысында мидағы қан ағымын бөгеп тұрған тромб тамыр арқылы алынып тасталды.
Отаны нейрохиругтер Айгүл Қалиева Айгүл және Абиджан Алиев, анестезиолог-реаниматолог Эльдар Рамазанов жасады. Үйлесімді жұмыс пен заманауи медициналық технологиялардың арқасында ми қан айналымы қалпына келтірілді. Бұл инсульттің ауыр салдарларын болдырмауға мүмкіндік берді.
Бірнеше күн ішінде пациенттің сөйлеу қабілеті жақсарып, қолы мен аяғындағы қозғалыс қалпына келе бастады. Жүрісі сенімді бола түсті. Алтыншы күні ол тұрақты күйде үйіне шығарылған.
Тағы оқыңыз: Әйелін балағаттаған солтүстікқазақстандық қамауға алынды